15.08.2022
  160


Автор: Темірхан Медетбек

Мереке Құлекенов

Бiлемiн, Хақ тағала сүйенiшiң!
Сонда да өртенедi, күйедi iшiң, –
Өйткенi Бөкен бидiң ұрпағысың,
Өйткенi Махамбеттiң жиенiсiң.
Бiлемiн, үмiт – ұзақ, арман – қашық.
Сонда да кезiң жоқ қой қалған жасып.
Тиеген соңғы жүктi қара нардай
Келесiң маңғаз жүрiп, маңғаз басып.
Аспайсың, шалқымайсың, тасымайсың.
Анау-сөз, мынау сөзге қажымайсың.
Итерсiн өңменiңнен өсек-жала
Бәрiбiр бүгiлмейсiң, жасымайсың.
Бiлемiн, қайраттысың, қуаттысың.
Бiлемiн, нұр себетiн шуақтысың.
Опырып жiлiгiңдi жiберсе де
Қайта тұрып кететiн сияқтысың.
Жаныңа жоламайды аласалау.
Бiлемiн, керек сенi дара санау.
Түбiт-сынды жүрегiң,
Сондадағы
Оңашалау жүресiң, оңашалау.
Өз-өзiңнен отырып түнересiң.
Шешiм таппай тұйыққа тiрелесiң.
Сондай кезде ұмтылған бiреулердi
Бiр-ақ қағып ұшырып жiбересiң.
Асуларың – алдыңда алатұғын.
Асуларың – алдыңда жанатұғын.
Ызғырықтай ысқырған бұл заманда
Ойлайтының Ата тек, Ана тiлiң.
Бiлемiн, Хақ тағала сүйенiшiң.
Сонда да өртенедi, күйедi iшiң, –
Өйткенi Бөкен бидiң ұрпағысың
Өйткенi Махамбеттiң жиенiсiң!





Пікір жазу