15.08.2022
  94


Автор: Темірхан Медетбек

Түркiстан

Төрт қақпалы Түркiстан!
Айдарым да өзiңсiң,
Айбарым да өзiңсiң!
Алынбайтын қамалдай,
Қаратаудай төзiмсiң...
Аспан астын толтырған
Алатаудай сөзiмсiң!
Құзда тұрған құлжадай
Айқайласам ұран сап! –
Шалғайыма жабысқан
Жаулар бiткен безiнсiн.
Төрт қақпалы Түркiстан!
Қаншама рет өшкенбiз,
Қаншама рет өскенбiз
Шатыр тiгiп айнала,
Шатыр жығып көшкенбiз!
Бiрақ бiздер өлмедiк! –
Тайқазанның сендегi
Емшектерiн иiтiп
Емiп бiздер өскенбiз.
Не көрмедiк, Түркiстан!
Арысымды құл қылып,
Намысымды күл қылып
Шаштан алып сүйреген,
Бұлт болып түйiлген
Жауың шығып бүйiрден
Алты құлаш найзасын
Кiндiгiмнен түйреген.
Зеңбiректер гүрсiлдеп
Темiр добын лақтырып
Қамыр қылып илеген.
Түркiстанның сол кезде
Опырылып жотасы,
Қабырғасы күйреген.
Әруақты көк күмбез
Бiрақ басын имеген!..
Сол дұшпанның бәрiмен
Көк бөрiдей жұлысқан
Қасиеттi Түркiстан!
Қай-қай заман кезде де
Мойнымдағы тұмардай
Саңқылдаған қырандай,
Жарқылдаған ұрандай,
Қасиеттi құрандай,
Қанаттары түңлiктей,
Тегеурiнi темiрдей,
Тепкiсi зор бүркiттей;
Қараған жан түңiлген
Атылатын жиырылып
Жолбарыстай бүгiлген;
Қайрат жиып қарсы алған,
Арыстандай алшайған
Төрт қақпалы Түркiстан
Мұңын айтқан азаптың,
Жырын айтқан Азаттың
Рухысың Қазақтың!





Пікір жазу