14.08.2022
  89


Автор: Темірхан Медетбек

Парадокс

Босқа шаршап, сүрлiкпе
басса өмiрдiң мұң-зары.
Дүниеде, тiрлiкте
керi кетiп тұр бәрi.
Кеш қалам ба ерте кеп?!
Түсiнбеймiн әлi бiр:
Алға бассам ентелеп.
Керi жүрем бәрi бiр.
Бұғау қысты бұлқынсам.
Бетiм қайтты бәрiнен:
алға қанша ұмтылсам,
сонша кетем керi мен.
Қарсы қарап дауылға,
Жүрем алға қарыштап.
Бiрақ жақын тауым да
кете барар алыстап.
Алдайды өмiр, арбайды.
Қалың тартты сорым да.
Ештеңе ұстай алмайды
Алға созған қолым да!..
Кеш қалам ба, ерте кеп?!
Жоқ қой бұған амалым:
Алға басып ентелеп,
Керi кетiп барамын.





Пікір жазу