Сауап
Тұла бойы тұңған тарих,
әңгiме,
көрген талай мұң-қайғыңды,
шердi де.
Дарияны жағалаған қария
Жерде жатқан жас шыбықты көрдi де,
Көтердi оны.
Қоныпты оған таң шығы,
шаң-тозаңнан,
батпағынан аршыды.
Содан кейiн сол шыбықты апарып
жарқабақтың дәл басына шаншыды.
Жылдар өттi,
өттi жылдар заулаған,
кешегiмдi келешекпен жалғаған.
Жылдар өттi,
өттi жылдар заулаған –
алып ауыр қанаттары талмаған.
Табиғатпен есiң болса таласпа.
Таласпа сен,
Оған қарсы жақ ашпа.
Сол көк шыбық –
шаншып кеткен қария
айналды ғой алып ұлы ағашқа.
Оны қанша аяз, аптап өптi ғой.
Жапырағын жайып қанша төктi ғой.
Сонан кейiн бұтақтары қол құсап
дарияның ортасына жеттi ғой.
Қуат жатты –
тамыр тартқан түбiнде,
шуақ жатты –
құстар салған үнiнде.
Сол дария арнасына сия алмай
тасыды ғой күндердiң бiр күнiнде.
Асау тасқын құтырынып кеттi ғой,
Ойдан атқып,
төбеден кеп төктi ғой.
Күндiз-түнi ақ көбiк боп ойран сап
дүниенi астан-кестен еттi ғой.
Жiберердей жаншып езiп,
сығып-ақ,
аждаhадай толқындарын бұрып ап,
жұтып жатты,
жұтып жатты күн-түнi
жағалаудан мал мен жанды жұлып ап.
Тау толқындар көтерiлiп iстi ғой.
Көтерiлiп дүниенi iштi ғой.
Айналаны тас-талқан қып
ойраңдап
ақырында сабасына түстi ғой.
Өмiр сұм деп сөз айтамыз ұшқалақ.
Сол өмiрге адам деген құштар-ақ.
Аман қапты жалғыз бала
ағаштың
созған ұзын бұтағынан ұстап ап.
Жел соққанда баяу ғана қағатын,
Жайып тұрды алып ағаш қанатын.
Аман қалған сол бiр бала
баяғы
қарияның шөбересi болатын.