Ақша
Шiркiн, ақша,
жолда жатса...
Қасым
Ақша!
Ақша!
Ақшаң болса – алшаңда!
Ақша болмай ел түсiп тұр сарсаңға.
Ақша дейдi,
ақша тауып бер дейдi,
қай жаққа сен,
қай тұсқа сен барсаң да!
Ақша дейдi –
құжынаған базарың,
ақша дейдi –
тақ-тұқ болған қазаның.
Сенделедi сең соққан бiр балықтай
ақшасы жоқ,
ақшасы жоқ қазағым!
Арып кеткен –
ақшасы жоқ алыптар.
Жанып кеткен –
ақшасы жоқ жарықтар.
Ақша күтiп,
ақша күтiп күн-түнi
тұрба-мойнын созып тұр ғой зауыттар.
Шөгiп қазiр кеткен-сынды –
асқарым,
шөгiп қазiр кеткен-сынды –
аспаным.
Созады ғой ақша сұрап, –
қарашы!
темiржолдар қос рельс – қос қолын!
Ақша күтiп зарығады –
далам да!
Ақша күтiп тарығады –
қалам да!
қарап-қарап сескенесiң осы бiр
үңiрейген ақшасы жоқ заманға.
Қажетiне тиын-тебен таба алмай,
қиналды жұрт айдалада қалардай.
...Мемлекеттер аласұрды
ақшасыз
ауа жетпей аласұрған адамдай.
Оталып бiр кете ме деп бал-құрақ,
жүрсем-дағы дәл осы сәт абдырап, –
қорықпаймын ақша күткен күнi-түн
зарыққан мен тарыққаннан мен бiрақ.
Өйткенi ол ұмытқан жоқ құдайды.
Құдай өзi бәрiн бiр күн құрайды.
Зарыққан мен тарыққандар
қалай да! –
жусан құсап жер уыстап шыдайды.
Мен бiрақ та шаңын қағып ортаның,
шығаратын құнарымның сортаңын, –
сатып жүрген ар-намысын елiнiң
сол ақшаға құныққаннан қорқамын!