14.08.2022
  129


Автор: Темірхан Медетбек

Сөз соғысы

Бiреулер –
қорған-бекет құрып жатыр.
Бiреулер –
бiреулердi бүрiп жатыр.
Домалақ жер шарында бет қаратпас
ғаламат Сөз соғысы жүрiп жатыр.
Қаншама аласұрып,
арпалыстың...
Қаншама сан ажырап,
сан табыстың...
Бiтпейтiн,
бiтiспейтiн мәңгiлiкке
жүрмiз ғой iшiнде бiз сол соғыстың.
Бiр сөздер –
ұшып жүр ғой тақты айналып,
бiр сөздер –
ұшып жүр ғой бақты айналып,
бiр сөздер –
жарылуға бомба болып,
бiр сөздер зуылдайды оққа айналып.
Ойыңды ойран етiп аралап бiр,
жаныңды,
үмiтiңдi жаралап бiр, –
тұрады-ау кейбiр кезде күнi-түнi
Сөздердiң пулеметi абалап бiр.
Қарамай сенiң ниет,
тiлегiңе,
қарамай сенiң дiңгек,
тiрегiңе, –
ысқырған сол оқтардың бiреуi кеп
апыр-ай! –
қадалады жүрегiңе!
Ол соғыс
«Мiнезiнен» танған емес, –
тоқырап бiр сәтке де қалған емес.
Жандардың сол соғыста опат болған
есебiн ешкiм бiрақ алған емес.
Сөздерден қайырылып талабымыз,
жаутаңдап тұрар әлi жанарымыз.
Мәңгiлiк бiтпейтұғын
сол соғыстан
бәрiмiз,
бәрiмiз де жараламыз!





Пікір жазу