14.08.2022
  114


Автор: Темірхан Медетбек

Үш қазақ

Бұл оқиға көз салдырып қиырға
сезiм, ойды айналдырар құйынға...
Шақырылды беделi бар үш қазақ
көршi елдегi беделдi бiр жиынға.
Ол бiр жиын ел-жұрт күткен iс едi.
Ел атынан шақырылды үшеуi...
Көп ұзамай ұшып шығып үш қазақ
Қадiрiмен аэропорттан түседi.
Қарамастан қауiп-қатер,
қиынға,
кiрейiк деп тас-түйiн боп ұйымға, –
түбi, тегi бiр елдердi шақырған
басталды ғой сол қадiрлi жиын да!
Дей алмаймын,
дей алмаймын кеш, мұны!
Кешер, мұны,
жоқ жан ғана еш мұңы, –
ашылғаннан сол бiр жиын
басталды
үш қазақтың бiр-бiрiне өштiгi.
Сахнаға шығып едi бiреуi,
күл боп кеттi екеуiнiң реңi.
Басқа бiреу мақтап едi басқасын
Мұздай болды қалған екеу жүрегi.
Күтушi жұрт iлтипатын елбiреп
бiреуiне көрсетсе егер көбiрек, –
қалған екеу дайын тұрар
оны ендi
жiберуге, iреп сойып,
кергiлеп!
Сол үшеуi –
үлкенiң де,
кiшiң де, –
сайлап тiлiн,
қайрап тұрды тiсiн де...
Бiр-бiрiмен дұшпан болды көрместей,
сол үш қазақ үш-ақ күннiң iшiнде.
Қызғаныштың құлы болып ақылы,
бiр-бiрiне жат көрiндi жақыны.
Бiр-бiрiнiң –
жан-жүрегiн тiлгiлеп,
бiр-бiрiнiң –
бетiн жыртты ақыры.
Бiрлiк жолы, –
соншалықты ұзақ па ең? –
Қарсы аласың қашан бiздi құшақпен.
Сол үш қазақ қайтты ауылға үш бөлек:
аутобуспен,
пойызбенен,
ұшақпен!





Пікір жазу