14.08.2022
  77


Автор: Темірхан Медетбек

Грозный

Грозный,
Грозный!..
Шыдай алмас жай тасың да
Мынау сұмдық алапатқа!..
Ол айналды,
байқайсың ба,
Жердегi ауыр жарақатқа.
Грозный,
Грозный!..
Мынау дүлей аласатқа
Шыдай алмас жартасың да.
Грозный,
Грозный!..
Қамал болып болашаққа
Азаттық деп айқасуда,
Азаттық деп шайқасуда!
Қасiреттiң аты қазiр –
Грозный,
Грозный!
Азаттықтың аты қазiр –
Грозный,
Грозный!..
От пен оққа орануда
боздағың да,
қарттарың да.
Танкiлердiң табанында
Ұлы Азаттық тапталуда!
Бiлiп алшы,
бiл осыны,
барлық чешен –
Грозный,
Грозный – әрбiр чешен.
Жан-жүректi бұрқасын қып, –
мың жиырылып,
мың созылып,
мың жиналып,
мың шашылып,
мың серпiлiп,
мың ашынып,
мың бүктелiп,
мың ашылып,
мың ұмтылып,
мың тасынып –
тұр ғой қазiр Грозный.
Тұр ғой қазiр Грозный
отқа оранып,
жалын iшiп.
Тұр ғой қазiр Грозный
қасiреттiң қанын iшiп.
Өктемдiктi жерге бастың,
рух жатыр мұратыңда!
Қаhарланып кеуде тостың
сұмдық дүлей сұрапылға!
Намыс жатыр қуатыңда!
Грозный,
Грозный! –
Күйремейсiң – егiлсең де!
Грозный,
Грозный!
Жеңiлмейсiң – жеңiлсең де!





Пікір жазу