Адамдар жоғалуда
Десем де мен:
дүние жаңаруда,
елiм, жерiм әлi де тоналуда...
Қорқынышты, сұмдығы бәрiнен де, –
жоғалауда адамдар
жоғалуда.
Үрейленiп кешкiсiн,
таң алдында,
Хабар салып жатамыз бар адамға.
Жоғалуда адамдар,
жоғалуда.
Жоғалуда қаладан,
даладан да.
Төгiлуде қаншама қаным, жасым,
көрiп соны жоғалар жарым жасың...
Жоғалуда –
замандас аға, жеңгең.
Жоғалуда –
iнiң мен қарындасың.
Жаным күйiп сондайда жылаймын-ай,
Көздiң жасын көл қылып бұлаймын-ай.
Ғайып болып –
тал түсте – көз алдыңда
жоғалады бал бөбек, құдайым-ай!
Жүре алмайтын күндердi босқа үнемдеп,
Жүрген кезiм дәл қазiр тас тiлем деп...
Амалым не,
адамдар жоғалуда
жоғалуда арсыз боп,
маскүнем боп!
Бiз бүгiнде бет алдық жаңаруға,
Жаңаруға, қайтадан жаралуға.
Дегенменен арыстай азаматтар
себептермен белгiсiз жоғалуда.
Түспесе де тауқымет басына әзiр,
болса дағы төсек пен асың әзiр, –
байқайсың ба, –
өзiң сен, –
қауiптi бiр
шайқас жүрiп жатыр ғой осы қазiр.
Сол шайқасқа бәрi де қатысуда,
Қатысуда шығысың,
батысың да.
Бiрiн-бiрi аямай күндiз-түнi
сөзбен, көзбен...
әйтеуiр атысуда.
(Үлкен, үлкен уайым,
алаңы бар,
тезiрек сен, Дүние, жаңарып ал).
Жүрмiз қазiр iшiнде сол шайқастың
Мылтығы бар, автомат, наганы бар!
Бiр жерлерде өрт шығып от болуда,
ал бiр жерде топ құрып аттануда...
Алай-дүлей iшiнде сол заманның,
құдайым-ай,
адамдар жоқ болуда.
Құтылса да түрмеден, тордан халық.
Оны жүр ғой дәл қазiр қолдан қағып.
...Төбемiзден өтедi қара қарға
қара қағаз секiлдi қалбаң қағып.