Ұры заман
Жақсылыққа,
жарыққа жылымаған,
ниетi нас,
сөзi нас,
түрi жаман, –
ұры тазы секiлдi сумаң қағып
ұры заман келдi ғой
ұры заман.
Бұл не заман, құдай-ай,
ғұрып бұзған.
Тыныштықты,
тiрлiк пен тұнық бұзған.
Ұры заман келдi ғой,
ұры заман
талқан қылып сүйменмен құлып бұзған.
Адалдықты дәл қазiр бәле жеңген.
«Бәле» деген қорықпас ережеңнен...
Ұры түсiп жатыр ғой, ұры түсiп
есiгiңнен,
қақпаңнан,
терезеңнен!
Сұм ұрлықтан сан үмiт сөнiп жатыр,
Сондадағы дүние көнiп жатыр...
Үйiм емес тек қана,
үйiм емес,
елiм жатыр тоналып,
елiм жатыр.
Жерiм жатыр, тоналып
жерiм жатыр.
Өткiзсем де талай мен аш күнiмдi.
Жасамап ем ешкiмге қастығымды.
Тасып жатыр ұшақпен алтынымды,
тасып жатыр пойызбен астығымды...
Тасып жатыр, әйтеуiр,
тасып жатыр.
Берекем мен құтымды шашып жатыр.
Байлығымды астына басып жатыр.
Дорбаға сап,
қапқа сап қашып жатыр,
тасып жатыр, әйтеуiр,
тасып жатыр
Алтыны да бар болсын,
басқасы да...
Киiмi де бар болсын,
ақшасы да.
Ертең өсер тоналған бақшасы да,
ертең бекiр елiмнiң топсасы да!
Ең сұмдығы! –
тонауда ар, жанымды,
тонауда ғой ертең мен алдағымды –
үмiтiмдi тонауда,
үмiтiмдi,
арманымды тонауда,
арманымды.
Тағдыр тасы көп тидi шекеме кеп,
Ойлап едiм осы да жете ме деп.
Ұры заман түрiнен қорқам-қорқам
Азаттығым қолды боп кете ме деп!..