14.08.2022
  77


Автор: Темірхан Медетбек

Мен атылған күн

Менi сөзбен атып кеттi бiр адам.
Ұшып түстiм.
Ендi қалай тұра алам.
Қадалған кеп оқ сияқты сол сөзден
арман құлап,
үмiт құсым жылаған.
Сол оқ-сөзден мың күйзелдiм,
мың сынып.
Қан жылаған ойым қалды тұншығып.
тiлек тұрды –
тұнжыраған күрсiнiп,
жүрек тұрды –
тыжырынып түршiгiп.
Сезiмiмнiң сергек,
ашық алаңы,
ойларымның мұңлы,
қалың алабы,
өлеңiмнiң қоңыр салқын самалы –
сол оқ-сөзден бәрi, бәрi қаралы.
Сол оқ-сөзге қалай табам өлшемдi? –
Қаратаудай төзiмiм де теңселдi.
Құм сияқты үгiтiлiп жiгерiм,
көтере алмай қалдым сонсоң еңсемдi.
Дәл сол күнi қол бермедi ешкiм де!
Сол оқ-сөзден бiттiм,
сөндiм,
өштiм бе?!
Дәл сол күнi жала менен өсектер
қарға болып қаптап ұшты үстiмде!





Пікір жазу