Қайыршы
Сен отырсың айналған тас қабырға,
Қарсы қарап көшедегi ағынға.
Тозған әбден мыж-мыж болып көнерген
бас киiмiң жатыр сенiң жаныңда.
Осыншалық қиналмашы,
тiстенбе!
Не iстейсiң тағдыр атты үстемге.
Селк етесiң –
жапырақтай қураған –
сыңғыр етiп қара бақыр түскенде.
Отырасың тасқа айналған төзiмдей,
бұл өмiрден безiнiп те, безiнбей...
...Бүтiн болып көрiнгенмен сырт көзге
Қайыршымын мен де қазiр өзiңдей.
Қайыршымын дәл өзiңдей кәдiмгi –
ашып тастап омырауды,
өңiрдi
сырт көзге бұл көрiнгенмен көңiлдi –
қайыршымын дәл өзiңдей кәдiмгi.
Жүрек қанша соққы көрдi,
тiлiндi.
Қаншама рет жоғалттым мен үнiмдi.
Қайтарып бер деп сұраймын күн-түнi
бұл өмiрден дiнiм менен тiлiмдi.
Әлдекiмдер тор-құрсауын құрып ап,
шыбын жанды жiбередi сығып-ақ.
Су сұраймын,
сұраймын кеп ауа да,
жер сұраймын өз жерiмде тұрып ап.
Содан қазiр өртенемiн,
жанамын.
Жан жаралы,
ар жаралы,
жаралы үн.
Мыж-мыж сенiң бас киiмiң секiлдi
жатыр, әне, тозып,
семген Аралым!
Содан кейiн тау құшақтап құлаймын,
құлаймын да күңiренемiн,
жылаймын.
Бар қасиет,
байлығымды iздеп мен
қайтарып бер деп соларды сұраймын.
Күйзелдiм де,
күңiрендiм де,
опындым.
Күлiн шаштым бiткен,
сөнген отымның.
Алдыма алып тозған,
семген Аралды
дүниеден қайыр сұрап отырмын.