14.08.2022
  114


Автор: Темірхан Медетбек

Керағар

Мосқал әйел белгiлi бұл өңiрге,
қайта-қайта жалбарынып тәңiрге,
отырып ап есiгiнiң алдында
ренiшiн айтып отыр өмiрге.
– Бiрiн-бiрi талап жатқан, жалмаған
мына өмiрден ұяламын, арланам.
Адамдардың адам емес бүгiнде
береке де, қасиет те қалмаған!
Бұл сөзiмнен қорықпа да, шошыма.
Түспесiн тек қайғы, мұң кеп басыңа...
Сонан кейiн мосқал әйел тұрды да
бiр шелек су әкеп қойды қасына...
– Ешкiм қазiр жимайды ғой айылын.
Ұят пенен ар дегенiң – жай ұғым!
Түспесiн тек қайғы, мұң кеп басыңа
адамдарда жоқ қой қазiр қайырым...
Мосқал әйел қамшы өргендей таспадан
ренiшiн жалғастырды бастаған...
Топырлатып алып келдi сонан соң
күшiктердi көзiн әлi ашпаған...
Сөздерiнiң болмай соңы, ақыры
дедi сонсоң маған қарап ақырын:
топырлатып туады да жатады
құрғамайды-ақ екен иттiң жатыры!
Тәңiрiге тағы да бiр сиынып,
өз-өзiнен отырды да күйiнiп
«адамдарда мейiрiм жоқ, мейiрiм»
дедi-дағы үнсiз қалды түйiлiп.
Сәлден кейiн әлденеге күлiмдеп,
сәлден кейiн әлдене деп күбiрлеп,
тұншықтырып өлтiруге кiрiстi,
күшiктердi суға салып бiрiндеп!





Пікір жазу