Бiр ауыл оқиғасы
Мұны еске алам, мұны еске алам күйiнiп,
жүрегiм мен көзiме қан құйылып;
балаларды қырқыстырып қоятын
бiр ауылдың үлкендерi жиылып.
Шамырқанып, ендi бiрде қызып та,
жел бiтiрiп келесi бiр «бұзыққа» –
балаларды бiр-бiрiне айдап сап
бататын-ды үлкендер жақ қызыққа.
Кеткеннен соң быт-шыт болып бiрлiгiң,
не болады, не болады тiрлiгiң!
Үлкендер жақ мәз болатын
балалар
жатқан кезде ұрып-соғып бiр-бiрiн.
Бiрiн-бiрi кемiсiтiп, пәс десiп,
үлкендер жақ отыратын бәстесiп.
...Өсiп жатты, өсiп жатты балалар
бiр-бiрiмен алауыз боп, өштесiп.
Не бiр сұмдық төбелестi өткерiп,
қатып қалды қара жүрек кектенiп.
Өсiп шықты сол балалар ақыры,
бiрiн-бiрi ит етiнен жек көрiп.
Болды сонсоң ол «қызықтың» жолы ауыр.
Болды сонсоң сол «қызықтың» соры ауыр.
Басы пiспей бiр-бiрiмен қырқысып,
тоз-тоз болып кеттi ақыры сол ауыл!