Ақын ескерткiшiнiң басынан
Табындырған сәбидi де, атаны
жер жүзiне кеткен есiм, атағы,
көтерiлген алып ауыр шойыннан
бiр алаңда ақын тұрды қапалы.
Таңқалдырып –
алыс пенен жақынды,
таңқалдырып –
даңқтыны, пақырды
тұнжырап бiр тұрған тұғыр үстiнде
жұбатпақ боп сол қапалы ақынды –
күй төгетiн,
ән айтатын бұлданбай –
ондағы әуен, әуез бенен үн қандай! –
қатпар тауып жүрегiнiң тұсынан
ұя салды оған келiп бiр торғай.
Iштен тынған өзiне-өзi қайралып,
ақын тұрды қапаланып, ойланып.
Ұя салған денесiне сол торғай
бара жатты жүрегiне айналып.
Қапаланып тұратұғын үнемi,
құбылады ұлы ақынның реңi –
ұшып келiп,
ұшып қайта кеткенде
құйтақандай сол бiр торғай – жүрегi.
...Қайта-қайта жағып жасын-шырпыны
қара нөсер дауыл соқты бiр күнi.
Бар айнала алай-дүлей болса да
қозғалмады ұлы ақынның кiрпiгi!
Араласып кеттi жер мен ғарыш та!
Сорғалаған көктен аққан ағысқа
қарамастан шойын дене ұлы ақын
қарап тұрды қапаланып алысқа...
Қара жауын сел боп, көл боп ақты ғой,
бiр жағынан дауыл дабыл қақты ғой...
Ескерткiштiң денесiнен сол ұя
жел жұлқылап,
жылжып бара жатты ғой...
Онсыздағы жаны күйген жаралы
ұлы ақынның жоқ жасайтын амалы, –
дiр-дiр етiп шойын ауыр кiрпiгi
мөлтеңдеген жасқа толды жанары.
Мөлтеңдеген жасқа толды жанары.
Ұлы ақынның жоқ жасайтын амалы.
Жұмыртқасы – тiрлiгi бар сол ұя
құлап әне...
құлап әне барады...
Алай-дүлей болып сана-қиялы,
шыдай алмай сол ұлы ақын зиялы –
иiлiп кеп тұла бойы сықырлап
ұстап алды жылжып кеткен ұяны.
Күндiз-түнi қапаланып тұратын
өн бойына қуат енiп сұрапыл,
жөндеп қойды сол ұяны ақырын
еңкейiп кеп алып дене ұлы ақын.
Тұрған-сынды қарсы қарап көшкiнге
найзағайдай сесi бар ғой кескiнде.
Қолыменен жөндеп қойды ұяны
бiрақ оны көрген жоқ қой ешкiм де!...
Атты таңым оранғандай жалқынға.
Алаң үстi толды нұрға, жарқылға.
Өтiп жатты базарлы өмiр көшемен.
Ал ақын тұр сол қапалы қалпында