От
Сөз-өтiрiк,
сөз-ашу мен сөз-әзiл
тұтануға дайын тұрған кез әзiр.
Екi адамның арасына от салып
кеттi сұмпай алаяқ бiр әзәзiл.
Тар болды ма сол әзәзiл аспаны?!
Өтiрiк пен өсек отын тастады.
Ақырында екi адамның арасы
киiз құсап бықсып жана бастады...
Құтырынған,
ытырынған шақ келдi,
шақ келдi де бiр-бiрiне тап бердi.
Киiз құсап бықсып жанған жала сөз
шапшып тұтап өршiп бара жатты ендi.
Басталды ендi –
бiтпес даудың таласы,
Басталды ендi –
қара күйе жаласы.
Алау жалын лапылдатып шалқыған
өртке айналды екеуiнiң арасы.
Өртке айналды –
жеткен әбден шегiне,
өртке айналды –
шошитығын елi де.
Кеттi өртенiп екеуiнiң тiлегi,
сыйластығы, жолдастығы... бәрi де.
Құртқан талай топ-тобымен, жекенi
әзәзiлдiң құрбандары жетедi.
...Зұлмат өртке өздерi де шарпылып
өлiп кеттi ақырында екеуi.
Жиылды да адамдардың тобыры
мұны сұмдық қасiретке жорыды...
Екi жанды өртеп тынған өлтiрiп
зұлмат өрттiң жатыр әлi орыны...
Ой-есiгiн бiрде жауып, бiрде ашып,
отырамын өз-өзiммен мұңдасып...
Бүгiнде ендi орынында сол оттың
әзәзiл жүр сақ-сақ күлiп, күл шашып...