13.08.2022
  145


Автор: Темірхан Медетбек

Ирониялық өлең

Бүгiнде жас, кәрiмiз, –
(айтар оны кез келдi) –
отырып ап бәрiмiз
семiртемiз сөздердi.
Арналады тобырға
ой мен ақыл батаңыз...
Байлағандай соғымға
сөз семiртiп жатамыз.
Ыңыранасың, күлесiң,
кеуде қағып, арындап...
Жүре алмайды Сын есiм
семiздiктен мамырлап.
Көрмей жұрттың қатесiн
отырасың жай тауып...
Ырсылдайды Зат есiм
денесiнен май тамып.
Ойдан ойды қарғытып,
сөйлейсiң ғой есiлiп.
Кетедi ғой жал бiтiп,


Етiстiк те есiрiп!
Елеңдеп бiр құлағы
таусылғандай сабыры –
жылт-жылт етiп тұрады
Одағайдың сауыры.
Болсадағы оймақтай
қарамастан шыдамға,
шыға келер ойнақтап
шылау екеш Шылау да.
Жұрттың бәрiн емiнтiп
(айтар оны кез келдi) –
жатамыз ғой семiртiп
табын-табын сөздердi.
Сол сөздердi төгемiз
қарлыққанша үнiмiз –
табынымен беремiз
бiрiмiзге бiрiмiз.
Марапатқа батамыз
отырамыз емiнiп,
сонсоң бара жатамыз
өзiмiз де семiрiп...





Пікір жазу