13.08.2022
  125


Автор: Темірхан Медетбек

Дүниенi дүр сiлкiнтiп үркiткем...

Дүниенi дүр сiлкiнтiп үркiткем
сонау бiр кез қос ауызды мылтықпен.
Кезiп жүрiп тау мен тасты тiнтiп мен
Дүниенi дүр сiлкiнтiп үркiткем.
Бiр жағы шың,


шыңырау болып бiр жағы
қамалып қап тұрған екен құр жаны –
қарауылға ап қос ауызды мылтықпен
құлатқан ем маңғаз тектi құлжаны.
Үндер шығып ызу-қию аралас,
жапырағын төктi жылап бар ағаш.
Бiр-ақ сәтке қақтығысып күн мен түн,
тау күрсiнiп,
қақ айырылды қара тас.
Сұлап жатты тектi құлжа – марқасқа!
Шық тамады көз жасы боп әр тасқа.
Сумаң қағып сүңгiп жатты найзағай
тыр жалаңаш – арса-арса жартасқа...
Ойлап соны қанша күйiп езiлдiм.
Көрем ылғи –
жұмсам болды көзiмдi –
кезеп ұстап қос ауызды мылтығын
маған қарай келе жатқан... өзiмдi.





Пікір жазу