13.08.2022
  146


Автор: Темірхан Медетбек

Соғысқа барып қайтқан домбыра

Елең етер шыққан әр бiр дауысқа,
түскен талай тартыс пенен қағысқа,
бiр үйде мен домбырамен кездестiм
барып қайтқан соғысқа.
Көрдiк те оны арқаландық,
құрсандық,
қолымызға ап күйлер тартып,
ән салдық...
...Сол домбыра денесiнен тұрғандай
оқ-дәрiнiң исi аңқып.
Тартқан кезде тебiрентiп толғап бiр,
бауырына тығылып ап солдаттың,


кең даласын аңсап қанша жылады ол
аруанадай мойынын созып аңырап бiр.
Болған ол да қару менен жарақтай
дұшпандарға оқтарды ол да боратқан.
Сөйлеп тұрған домбырамның даусымен
блиндаждар, окоптар.
Қазағым-ай,
тар кезде де тарта алған!
Сол кезде оны маршал ұстап таң қалған.
Жараланған,
көмген оны топырақ
шанағына көз жасы мен қан тамған.
Қып-қызыл қан жауып оның шанағын
болған солай бұл домбырам жаралы.
...Қолтығыңа кiрiп алып боздаса
өн бойыңнан соның қаны ағды.
Ол боздаса шыдай алмас тiрiлер.
Шыдай алмас – жан-жүрегi тiлiнер.
Сiлкiнедi ол –
бомбалардың даусымен,
күрсiнедi ол зеңбiректiң үнiмен!
Ол жыласа –
безiлдеген зар қаққан, –
басар сенi қасiреттi салмақтар.
Мен бiлемiн – домбырасын құшақтап –
Алатауын құшақтаған солдаттар,
Маңғыстауын құшақтаған солдаттар,
Қаратауын құшақтаған солдаттар,
Сарыарқасын құшақтаған солдаттар!
Көрген талай қанға бөккен күн, айды,
адамдардан тыныштықты сұрайды.
Әлi күнге сол домбыра
ұстасаң
аруанадай мойнын созып жылайды.





Пікір жазу