13.08.2022
  89


Автор: Темірхан Медетбек

Күлкi күнiнде

Күлкi күнi кiм күлкiсiн iркiген
бiрi түбiт,
бiрi түрпi кiрпiден.
Сықылықтап,
шықылықтап,
қарқылдап
қаптап кеттi күлкi, күлкi, күлкiлер.
Күлкi деген мұншама өзi көп пе едi –
бiрi қурап,
мыңы қайта көктедi.
Күлiп жатты –
үйлер менен көшелер,
күлiп жатты –
газеттердiң беттерi.
Бiр күлкi тұр мәймөңкелеп,
жалынып,


сөнiп қапты бiр күлкiнiң жалыны.
Ду күлкiден теледидар бейне бiр
кеткендей-ақ болды дейсiң жарылып.
Бiр күлкiден өлердей боп ышқынған
аман қалды ұстап бiреу ұстыннан.
Шиедей боп әжуадан аңқаулық
мұрттай ұшып түстi бiреу мысқылдан.
Бiр күлкiлер атылуға оқталып,
ал бiр күлкi сұлап түстi соққы алып.
Қақтығысып Қалтай күлкi арсызбен,
жатты сол күнi, Несин күлкi сотталып!
Қозғайтұғын бергi менен арғыны
қаптап кеттi жұрттың мынау қалжыңы.
Күлемiн деп Алдар көсе аш қалып,
қолды болды Қожанасыр қоржыны.
Дейдi ме екен қайтармай-ақ өтеуiн
бұл өмiрден тек күлiп-ақ өтемiн –
мүлде ұмытып кеттi дейсiң бiреулер
күлкiнiң де шет-шегi бар екенiн.
Күлкi-залым –
Кез келдi оны сезiнер –
күлгендердiң ие болмай өзiне
дем жеткiзбей түйiлдiрiп iшегiн,
сорғалатып жас ағызды көзiнен.





Пікір жазу