Машина бауырындағы ұя
Көктем. Көктем.
Жалт-жұлт еткен нұр қандай?!
Нұрды бiреу шашып алып тұрғандай...
...Ұя сапты қалған ашық гаражда
машинаның буырына бiр торғай.
Дауа бар ма –
тiршiлiктiң iсiне?!
Дауа бар ма –
табиғаттың күшiне?! –
үш балапан шыға келдi үрпиiп
ұядағы үш жұмыртқа iшiнен.
Көз алдымда ұлы ғасыр күркiрi,
Көз алдымда –
тiршiлiктiң шыр-пыры.
Қайдан бiлсiн,
Қайдан бiлсiн сол торғай
машинаның қозғаларын бiр күнi.
Бұл уақыт бiр ұяға қарай ма.
Машинаға жүру керек қалай да!
...Шофер жiгiт, машинаңда ұя бар,
абайла ендi, абайла!
Елеместен жолдың аппақ, шаңын да
безiлдейдi түскен-сыңды жалынға –
үш балапан машинаның төсiнде,
ана торғай машинаның соңында.
Көрiп соны жас тұнады көзiңде,
үзiлiп-ақ кетер ме екен төзiм де.
Жаны қалмай машинаның соңында
бара жатыр ана торғай безiлдеп.
Көмейiңе тас тығылып, тұншығып,
кетесiң ғой мың бүгiлiп,
мың сынып, –
шыр-шыр етiп,
шыр-шыр етiп барады
машинаның бауырында тiршiлiк!