13.08.2022
350

Адал адам жете алады бақытқа
Әр адамның мінез-құлқы әр түрлі,
Қыйын екен түсіну де әркімді.
Біреулер бар көрсеқызар,
ашқарақ,
Адамдардан артық көрген алтынды.
Кей адамның ғұмыр жолы сұм-тозақ,
Ал біреудің өмір жолы –
бір ғажап.
Сол ғажаптың егер құнын білмесе,
Ол адамды күтіп алар мұң-азап.
Қайбір жан да
шын бақытты аңсайды,
Әне-міне жетемін деп шаршайды.
Адал адам жете алады бақытқа,
Арам жанды арам ойлар қоршайды!
Жанды алға жетелейтін сенімі,
Сенім деген –
ер жігіттің серігі.
Төңірегіне төгіп әр кез жылуын,
Адалдықтың тоқтамасын көрігі!