ШАНШЫЛА БІТКЕН ТАУДА
ЭПИЛОГТЫҢ ОРНЫНА
ШАНШЫЛА БІТКЕН ТАУДА
Біз оны тауға жерледік.
Таудың ең ұшар басына, айналаның бәрі көрініп тұрардай биік жартастың үстіне жерледік.
Плотина да дәл иектің астында жатыр.
Таяуда жоғалып, орнын теңіз басатын тайга да иектің астында жатыр.
Онан кейін еш уақытта жоғалмайтын, осынау биікке қарағай жапырағының хош иісін әкеліп тұратын мәңгі өлмес тайга да иектің астында жатыр.
Менің бір кезде осы шыңның басында болғаным бар. Кешканың атасы Иннокентий Евлампиевич демалысын алған соң жаңғақ жинауға аттанғанбыз. Сонда
осы жотаның басына шыққанда, мынау тамаша сұлулыққа, шексіз байтақ кеңістікке, аспанның сонша жақындығына таңданған едім.
Атамды сол жерге жерледік.
Жер қопарудың мамандары динамит қойып жарып еді, соның жаңғырығы ен жатқан тайганы күңірентті.
Атам парадта киетін мундирімен тып-тыныш жатты. Тек ордендерін тағынған жоқ. Олар кішкентай қызыл жастықтың үстінде шоқтай жанады. Айналаның бәрі шоқтай жанған сияқты. Біздің отряд пионерлерінің галстуктері де жанып тұр. Табытқа таман сәл еңкейтілген біздің отрядтың туы да жанып тұр. Борис Егоровтың қолындағы Қызыл ту да солай. Мыс кернейлер де, аспаннан төнген күн де алау атады.
Шіркін күн!
Дәл бір сол кездегі сияқты. Мен ол кезде дүниеге келе қоймағанмын, папам да небәрі үш жаста екен. Ойда жоқта соғыс басталып кеткенде, күн бұлтқа тығылмай дәл осылай жарқырап тұрыпты.
Қазір де! Қазір де қымсынбайды! Әрине, ол менің атамның мәңгілікке көз жұмарын қайдан білсін. Қайдан білсін, білмеген ғой, егер білсе мен сияқты ол да қап- қара бұлтына жасырынар еді ғой.
Мен табыттың жанында тұрмын. Атама қараймын.
Қолым да, басым да ауырлап кеткендей. Тұла-бойым бос қалғандай, тастан құйғандай үнсіз тұрмын, тіршіліктен еш белгім жоқ. Тыныс алмай тұрғандаймын, тек бәрін де көріп тұрмын.
Табыттың жанында тізерлеп отырған папамды көремін. Қара киімге оранған мамамды көремін. Ол қолын папамның иығына қойды. Дәл анау суреттегі сияқты. Анна Робертовна да қара орамал байланған, Гриша да оны сүймелдеп тұр.
Құлағыма бір дыбыстар келеді, Жылайтын сияқты.
Жылап тұрған кернейлер екен.
Олар күнмен ойнап жаркылдайды, алау түсті жалаулары желмен желбірейді, бірақ кернейлер жылап тұрды.
Ту-ру-ру-ру-у-у!
Ту-ру-ру-ру-у-у!
Құлағыма тағы да бір үндер естіледі. Мен сол жаққа қарай, құрылысқа қарай мойын бұрып едім, барлық кісілер де солай қарап тұр екен.
Ақ шағаладай плотинр көрінеді, қазаншұңқырдың жанында және одан әрі қарай да жағаны бойлай көптеген машиналар тұр. Көптеген самосвалдар.
Олар қозғалмайды. Таң қаларлық. Құрылыстағы машиналар ешқашан дәл бұлай тұрып қалған емес.
Олар орындарында тұрып қатып қалғандай... Барлығы бірдей гудок беріп тұр!
Барлығы қосылып алып, ұзақ азандайды, оркестрдің үні сияқты ерекше салтанатты естіледі, олардың даусына қаз мойын крандардың боздаған үні қосылады.
Құрылыс маңындағы адамдар құмырсқадай қара құрым, барлығы да қолдарын жоғары көтеріп, біз тұрған биіктікке қарайды...
Жақсы білесіңдер, менің есімімнің Антошка екендігін.
Атамның құрметіне осылай атаған, ал бұл дегеніңіз атам менімен мәңгі бірге деген сөз. Менің генералым менімен мәңгі бірге.
Міне, ол қабырғада тұрып-ақ менен көз айырмайды. Жап-жас жігіт, көзінен ұшқын ататын сурет. Одан кейін әбден қартайған кезде менімен бірге тұрып түскен, бірақ көзі күліп тұрған суреті.
Ол өзінің сүйікті әні:
Қаза келсе – қас қағымдық өлімі, Жара болса – жан қинамас жеңілі, –
әнін айтқанда осылай жымияр еді.
Бұны мұңды ән деуге мүлде болмайды. Тіпті көңілді ән. Шындығында – оның өзі жаман ба? Бірден қайтыс болу. Ал егер жарадар болсаң, жарақатың тез жазылып кетсе!
Атам менімен бірге. Қасымда. Ол сөйтіп ешуақытта өлмейтін болып менің жанымда қалды!
Мен кей түндері оянып кеткеніммен, қайтып жыламайтын болдым.
Тек қана атамның бұдан былай даусын қатайтып «ойлан!» дей алмайтындығын немесе жұмсақ үнмен: «Сыбырласайықшы!» дей алмайтындығын, жанарымен аймалай қарап: «Эх, Антоха!» дей алмайтындығын сағынышпен еске аламын.
Өзімді-өзім тежеп бағамын. Мен жыламаймын.
Тамағыма тығылған тас сияқты әлденені зорлап жұтып, атам туралы әнімді қайталаймын:
Генералым! Генералым! – менің деп Қайталаймын, Генералым! Қатсайшы үн! Білесің ғой қатаң бұйрық берілмей Кернейшілер тосын дабыл қақпасын!
Мен бұл өлеңді өз жанымнан шығарғанмын. Бірақ өлеңім ойдағыдай шықпай қинайды. Мен жастыққа басымды тығып, оны жұмарлай қысамын.
Бәрібір мен осы өлеңді шығарамын. Бәрібір, ата, сен тірі боласың! Бәрібір!
Бәрібір! Бәрібір тірі боласың!