13.08.2022
  515


Автор: Альберт Лиханов

АҚ ШАШТЫ АДАМ

Сол кезде кеудемді мұң торлап, жаным ашыды. Мен оны ішімнен «қонақ», «ол»,
«мынау адам», деп атадым,
Мен оны қалай деп атауды білмеген едім, өйткені бұл адам сенің атаң болуы мүмкін болып тұрған кезде оның аты-жөні бұл жерде ешқандай роль атқарып тұрмаған еді.
Сенген жоқпын.
Оның папамның папасы екеніне сенген жоқпын.
Солай болып кетер ме! Сенбедім, бірақ қалшылдай қорқып тұрғаным рас еді. Тіпті мен оның кернейші болғанына да сенген жоқпын.
Кернейші нағыз батыр еді. Ал, мынау қарапайым ғана адам.
Қазір дәлелденді. Бұл – менің атам емес. Әншейін, қателесу ғана. Бар болғаны

сол. Ол қазір шын мәніндегі қонағымыз. Мейлі, мен бұған қуана келісемін.
Мейлі, кернейші-ақ болсын. Мейлі, ол шын мәніндегі батыр болсын. Оның өзі де көрініп тұрған жоқ қой, солай емес пе? Мұның шашы да аппақ. Өмірден көп тауқымет көрген. Айтары бар ма! Оның басына қандай тағдырдың тауқыметі түскендігін осынау құрғақ сөздер көрсете алар ма? Ең бастысы ол өзінің ұлын, менің әкеме ұқсас Сережасын жоғалтып алған. Егер мен әкемді жоғалтып алсам не болар еді? Немесе атамды? Немесе, олар мені? Сөйтіп, біз мәңгі ұшыраса алмай кетсек ше?
Осынау ақ шашты адамға сенбегенім үшін өзімнен-өзім ұяла бастағандаймын. Ол самолетпен асығыс аттанып, қаншама толқыды, неше дүркін жылады десеңізші. Ал мен болсам оны ұққым да, тіпті сөзіне сенгім де келмеді ғой.
Ол бар үмітінен айрылғандай басын салбыратып, үстелдің жанында отырды. Папам мен атам оған үркектей қарайды, сонан кейін оны диванға жатқызып, үстін- үстіне жылылап көрпе жапты.
Біз бөлмеден шығып бара жатқан кезде, мен мойнымды бұрып оған қарап едім, кернейшінің жансыз жүзі безгек ұстағандай дірілдеп жатыр екен. Күлген адамға немесе жылаған адамға ұқсайды.
Жан-дүнием әлем-тапырық. Мен жылдамдатып есікті жаптым. Сөйтіп, ол іңірден таңертеңге дейін ұйықтап жатты. Әрі қатты, әрі мазасыз ұйқы. Таңертең ол мүлде дем алмаған адам сияқты, қалжырап, көзінің айналасын көгілдір шеңберлер торлап, шаршап оянды. Ол қоштаса бастады. Атам мұның қолына қағазға оралған затты беріп жатып.
— Мұнда суреттер мен хат бар, – деді ол. – Бәрі бір сіз Москва арқылы ұшасыз ғой. Мынау телефонға звондаңыз. Мен жіберді деп айтарсыз. Менің досым – милиция генералы еді. Ол сізге экспертиза жасап береді.
Қонақ атамның жан-дүниесін зерттегендей ұзақ қарап тұрды да, ештеңе айтпай, қағазды қолына алды.
Біз оны аэропортқа баратын автобусқа дейін шығарып салдық.
Автобустың қасына барған кезде ол шамаданын жерге қойып, атамды қатты құшақтап, былай деді:
— Рахмет сендерге, жайсаң жандар!
Автобусқа кірген соң оның терезесін түсірді. Қонақтың жанарынан мөлтілдеген жасты көрдім.
— Мүмкін, сіз қателескен шығарсыз? – дейді атам, – мүмкін меңі болмаған шығар. Ақырына дейін жеткізу қажет! Біз екеуіміз сөйтуге тиіспіз ғой!
— Тиіспіз! – Ақ басты адам қажыған реңмен басын шұлғыды. – Тиіспіз! Автобустың моторы гүрілдеді де, орнынан баяу қозғала берді.

Жеделхат жолдаймын! – деді де ол бізге қолын бұлғап бара жатты.
Біз де қол бұлғадық. Автобус біраз жерге ұзап кетсе де, атам қолын ұзақ бұлғап
тұрды.
Автобус көтерген шаң жерге қонып үлгірді. Аялдамада ешкім де жоқ еді, тек
қана жерде темекінің қалдықтары мен балмұздақтың бос ыдыстары ғана жатты.
— Ата, – дедім мен, – фотосуретті неге бердің, осыған жауап берші? Оны тыныштандыру үшін ғана ма?
Атам маған ойлана қарады.
– Жоқ, – деді ол. – Қалай дегенмен де сендер бақыттысыңдар! Ол үнсіз тұрып қалды.
— Соғысты кітаптан окып қана білесіңдер. Қайғы дегеннің не екенін ұға алмайсыңдар. – Атам менін қасыма таман жақындап, алақанын иығыма қойды.
— Мейлі! – дейді ол, – солай-ақ болсын. Бұдан қорқар не бар? Ештеңе де жоқ. Керісінше, мұның өзі жақсы емес пе. Сендерге білудің не кажеті бар! Сендердің білмегендеріңнен қорқар ештеңе жоқ қой.

Біз аяңдай басып, үйге беттедік. Атам менің бағана қойған сұрағымды есіне жаңа алғандай:
— Оны тыныштандыра алармысың? – дейді ол. – Ол адам ғой. Ал адамға ақыл- ес берілген.
Біз фотографияның қасынан өтіп бара жатқан кезде:
— Антошка! – деп ол ұсыныс айтты. – Неге біз екеуіміз суретке түсіп алмаймыз?
Ол өзінің генералдық мундирімен, ал мен жаздық көйлекпен келе жатқанбыз.
Біз фотографияға кірдік. Шашын жылмита тараған біреу үлкен жәшік сияқты фотоаппаратына үңіліп, бізге ұзақ қарады. Атам орындықта, ал мен оның қасына, анау бір фотосуреттегі сияқты, қолымды иығына салып тұрдым.
— Байқаңыздар, – дейді фотограф, – Қазір торғай ұшады.
Біз сіресе қалдық, бірақ мен күліп жібере жаздап өзімді-өзім әрең ұстадым.
Кішкентай баланы алдаған сияқты «торғай ұшады» дегені қызық естілді.
Қазір мен бұл суретке жиі қарағыштаймын. Оны да атамның жігіт, әжемнің бұрымы тоқпақтай уылжыған қыз кезіндегі түскен суреттің қасына апарып іліп қойдық. Шындығында суреттер бір-біріне ұқсайтын сияқты. Бірақ ол суретте атам мен әжемнің жүзінен салмақтылық байқалады. Ал, біздің отырысымыз керісінше. Атамның көзі күлімдеп тұрса, мен аузыма ауа толтырып, дүрдиіп қалыппын.


 





Пікір жазу