13.08.2022
  218


Автор: Альберт Лиханов

ТҮНДЕГІ ӘҢГІМЕ

Қорыққаным сонша еш нәрсені ойлап та үлгіре алмадым. Мен есікті тарс еткізіп жаптым да папам мен мамам жатқан бөлмеге барып, оған басымды сұға салып, ас үйге жүгірсем... у-у-х, демімді әзер алдым-ау. Атам орындыққа отырып алып, қараңғыда темекі тартып отыр екен. Сигареттің шоғы бірде аппақ болып қызара қалады да бірде өшкінденіп кетеді.
Шамды жағып жібердім де:
– Қорқып кеттім ғой! Жаңа ғана ұйықтап жатыр едің, енді бір қарасам орныңда жоқсың, – дедім.
Атам үн-түнсіз маған, сонан соң менің қолыма қараған сәтте мен де өз қолыма қарап едім, біреу үстіме ыстық су құйып жібергендей күйге түстім, өйткені қолымда хат тұр еді.
Кірпігімді көтердім. Не деп түсіндірермін, не деп ақталармын? Бұл жерде ақталатын не болушы еді, егер мен қайдағы бір ұры сияқты қалтасына түскен болсам! Мұны түсіндіріп те болмас.
Мен кірпігімді көтердім, басыма қарай шапшыған қаным шеке-тамырымды солқ-солқ бүлкілдетеді.
Атам менің сыртқы тұлғама емес, ішкі жан дүниеме үңілгендей жанарымен ішіп-жеп қарады. Бар пошымымды зерттеп отырғандай. Бөгде адамның қалтасына түсетін жанның қандай екеніне әбден қарап алайын деген сиякты.
— Мені тіміскіленіп жүр деп ойлап қалма, – дедім мен бір кезде тұнжырай сөйлеп.
— Енді қалай! – дейді ол.
— Мен жай ғана оқып шықтым, ұғасың ба? Осы хатты алғаннан кейін-ақ сен бар тіршіліктен безінгендей көріндің, содан кейін де оқыдым, өйткені қайдағы бір хат үшін өйтуге болмайды ғой!
Ол маған тағы да көз салды. Бірақ алғашқыдай емес, жанары жылығандай.
Сәйтті де көзін жұмып, былай деді:
— Шамды өшірші. Біраз сыбырласып алайық!
— Сыбырласайық, – дедім мен қуанып кетіп, күтпеген ұсыныс есімнен тандырғандай.
Сөйтіп, біз қараңғы үйде отырмыз. Оның өз атам бола тұра бұл ісінің дұрыс болмағандығын, туған немересіне, басқасын айтпағанда, бір-бірімізден сыр жасырмайтын болғандықтан бұл жолы сырын бүгуінің дұрыс еместігін айттым.
Сигареттің шоғы таңқурай түстеніп тағы бір қызарған сәтте атамның маңдайы, мұрны, иегі де қызарып көрінді. Көзі көрінбейді. Сондықтан да мен оның ойланып отырғандығын көзіне қарап қана байқаймын. Сөзіне қарап байқау өте қиын. Сөзіне емес, көзіне қарау қажет. Көз ешуақытта алдамайды. Атам:
— Оқып шықтың ба? – деп сыбырлайды.
— Ештеңе де ұққан жоқпын, жазуы өте ұсақ екен. Ол сенің досың ба?

Майдандасың ба?
— Жоқ, – дейді атам, – досым емес. Мен сен ұққан екен деп ойлап едім. Ол – досым емес, Антошка, мүлде басқа адам. Мүмкін, ол сенің атаң шығар.
Мен күліп жібердім.
— Мамамның папасы өліп қалғалы қашан, – деймін мен. – Кешка сияқты емес, менің атам біреу-ақ,
— Сен менің әскери құпиямды ұмыттың ба? – деп сұрады ол.
Біреу мені өкпе тұсымнан ұрып қалғандай, тыныс ала алмай қалдым.
— Сен немене! – дедім сыбырлап, – сен не дедің! Қайдағы атамды айтып отырсың! Менің атам – сенсің!
Ол менің қолымды ұстап, алақаныменен сипап қойды. Әжім басқан бүртік- бүртік алақаны сондай ыстық екен.
— Тыңда, Антошка, – дейді ол сыбырлап, – ықтиаттап тыңда және сөзімді бөлме. Соғыста, Сережаны тауып алған кезімде мен Лидаға оның әкесін іздеуді тапсырғанмын. Бірақ ол соғыс біткен соң бірақ іздейміз деп маған жауап жазған еді. Соғыстан кейін іздеу де оңай болған жоқ. Мүмкін еместей еді. Менің бар білетінім баланың есімінің – Сережа, шешесінің есімінің – Катя, Екатерина екендігі ғана. Бар болғаны – сол. Егер сол күні танктер келіп киліге кетпегенде мен оның анасының мәйітін тауып, документтерін алған болар едім. Бірақ немістер ойда жоқта келіп килікті. Шегінуге тура келді.
Ол кезде панасыз балалар қабылдайтын арнаулы мекемелер болатын, ол мекемелер балаларды жинап, олар туралы деректерді анықтайды. Мен соларға хабарластым, басқа да мекемелерге хат жаздым. Олардың барлығы да баланың ата- анасын анықтау мүмкін емес деп жазумен болды. Сөйтіп, біз тынышталғандай едік. Сережаны өз баламыз ғып, өз ұлымыздай ғып өсірдік. Сонымен біржолата іс бітті дегенбіз.
Ол үнсіз қалды, менің қолымның үстінде жатқан алақанының сәл дірілдегенін сеземін. Мен екінші қолыммен оның қолын ұстадым да сәл қысып қойдым.
— Солай-ақ болсын! – деймін мен. – Әрине! Әрине, сонымен іс бітті емес пе!
Сен менің атамсың, басқа әңгімені білмеймін.
— Тұра тұр, – дейді ол, – мен де солай ойлағанмын. Бұрын анықтап іздеу үшін нақты деректер қажет болатын. Бірақ қазір радиомен арнаулы хабар береді екен. Сол хабар арқылы ата-аналар өздерінің балаларын іздестіреді. Естерінде қалған сәл белгілерін айтады. Мен де сонда хат жазғанмын. Сережа туралы радиодан мен жазған хабарды берді. Оның ән салғаны туралы, мамасының есімінің кім екендігі, бұл оқиғаның қай жолда болғандығы және уақыты – бәрі-бәрі айтылды. Сигареті өшіп қалғалы біраз болған, бірақ оны атам байқаған жоқ.
— Сөйтіп міне хат келіп отыр, – дейді ол. – Мүмкін бұл Сережаның әкесі, сенің атаң шығар.
Мен енді болмаса айқайлап жібере жаздадым, көзіме тығылған жас пен өкініш тұншықтырып барады. Атама деген, оның мынау әділдікке жатпайтын әрекетіне деген өкініш.
— Неге? – деймін мен сыбырлап. – Неге сен осындай іске бардың? Неге? Неге?





Пікір жазу