НАҒЫЗ АДАМ
Самолет қонуға бет алды. Аз уақыттан кейін генерал Ивановтың қасында отырамыз.
Мен атамның өзінің досы жайлы айтып беруін кемінде он рет сұраған шығармын.
– Әзірше болмайды, – деп жауап береді атам. – Ең алдымен оның өзін көруге тиістісің. Бұл деген ешкімге ұқсамайтын адам. Қазір мұндайлар жоқ десе де болады.
Бұл несімен ешкімге ұқсамайды екен деп ойлаймын мен. Мүмкін екі метр бойы бар шығар? Әлде штангашы сияқты алапат күшті болар? Бірақ ешқандай себебін ойлап таба алмадым. Амалым қайсы, аяғына дейін шыдауға бекіндім.
Олар бірін-бірі құшақтап біраз тұрды. Үнсіз. Сонан кейін бір-бір қадам кейін шегінді. Мен сол кезде генерал Ивановтың екі қолының бірдей жоқ екенін көрдім. Бос салақтаған жеңдерінің ұшы қалталарына салыныпты.
Қалай өмір сүреді екен деп ойлаймын. Қолсыз тіршілік етуге бола ма? Ал атам болса оның қолдарының жоқтығын елемейтін сияқты. Мені иығымнан ұстап Ивановтың жанына әкелді де, Москвадағы сияқты таныстыра бастады.
— Антон Рыбаков? – Иванов қайталап сұрады. – Демек, сенің орныңды басатын жігіт қой. – Атама қарап күліп қойды.
– Антон Екінші, – дейді атам басын шұлғып.
Біз үйге бет алдық. Шашын қырау шалған егде әйел қарсы алды. Көзі бір түрлі күлімдеп тұрады екен. Ол атаммен құшақтасып сәлемдесетін ыңғай танытып еді, бірақ атам оның қолын сүйді де:
– Сәлеметсің бе, майдандас жолдас! – деді.
Біз Николай Петровичтің бөлмесіне келіп отырдық. Үйдің бұрышына ешқандай әсемдік бұйымға жатпайтын бір әйнек қойылыпты. Мен оны ұстап та көрдім, бірақ бұл түкке керексіз заттың не үшін қойылғанын ұқпадым. Лақтыра салатын дүние. Кей жерлері жарылып, кей жерлері тесіліп те қалыпты.
— Қане, бұның не екенін таба қойшы, – дейді Николай Петрович.
— Машинаның желқағар әйнегі, – атам маған көмекке келді. – Көрдің бе мынау тесіктерді, бұлар оқтардың іздері.
– Ескерткіш ретінде сақтап жүрмін, – дейді Николай Петррвич, – Ажалдың қолтаңбасы қалған зат оияқты. Машинамның сау-тамтығын қалдырмаған болатын, содан кездейсоқ тірі қалғанбыз.
Олар бір-біріне дәл бір ғашық жандар сияқты қарайды, балалар сияқты әр нәрселерді естеріне алады. Кешка екеуміздің тіршілігімізге ұқсайды. Бірақ, шешіліп әңгіме айта алмайды екеуі де.
– Антон, кел сөз тыңда! – Атам мені жанына отырғызды, – Коля, айтып берші. Оны мұның міндетті түрде білуі қажет. Бұл жігіт те әскери адам болмақшы. Тіпті әскери адам болмай қалса да білуі қажет!
Николай Петрович келіскен ыңғай танытып, бөлменің ортасына барып тұрды. Етігімен еденге доғаға ұқсас сызық сызды, онысы – дұшпанға негізгі соққы беретін жердің белгісі болса керек.
Зеңбіректердің, танкілердің де суретін мөлшерледі.
– Мынау – Дрезден, – дейді ол. – Ал, мынау – біздің негізгі күшіміз. Ал мынау сына сияқты белгі – менің артиллеристер полкым. Ілгері сұғынып кеткенбіз, сондықтан басқа күштеріміз бізге жақындауға барын салып келе жатқан. Сол кезде жаудан «тіл» алдық. Олар бізге қарсы танктердің жойқын шабуылы даярланып жатқандығын хабарлады. Бағыттары міне былай. Не істеу қажет. Егер олар бізді бұзып- жарып өтіп кетсе, онда негізгі күшіміздің алды жалаңаштанып, танктерді тоқтата алмай қалады. Танктердің шабуылына олардың екі бүйірінен сыға қарсы алу қажет деп шештім. Күшімізді реттеп, әзірледік. Сол кезде қиян-кескі шайқас басталып кетсін. Немістер ойлағандай зеңбіректерді олардың дәл маңдайына бағыттамай, екі бүйірінен тидік. Снарядтар олардың ойранын шығарып, дұшпанның берекесі кетті. Әр снарядымызды дәлдеп, көздеп атамыз. Жақындатып алып соғамыз.
– Антошка! – атам мән-жайды жолай түсіндіруге кірісті, – Николай Петрович танкке қарсы ататын артиллерияны басқаратын. Мұның өзі – өте қиын шаруа. Өзіне оқ боратып, жортып келе жатқан таиктерді нысанаға алуың қажет.
Менің де сауал қойғым келеді. Бірақ қалай сұраудың ретін таппаймын.
Ыңғайсыз сияқты.
— Түсінікті ме? – деп сұрайды Николай Петрович.
— Ал сіздің... – дедім де сез таппай қысылып қалдым. Бетім де ду ете қалды: – Ол кезде қолдарыңыз бар ма еді?
— Жоқ болатын! – дейді Николай Петрович. – Жоқ болатын! Қолдарымды Днепрдің жағасында жоғалтқанмын.
Өз кұлағыма өзім сенбеймін. Ұшқыш Маресьев туралы оқыған болатынмын. Киносын да бірнеше рет көргенмін. Оның екі аяғынан бірдей айрылғаны жұртқа белгілі. Бірақ оның қолдары бар болатын. Ал зеңбірекшінің қолсыз болуы қалай? Бұйрық беруі керек! Бұйрық беру деген – картаға сызып көрсету деген сөз! Телефон трубкасына айғайлап, ұрыс даласын бинокльмен қарауы қажет! Қажет болса снарядты өз қолымен көтеріп, зеңбіректі оқтауға тура келген. Қолдары жоқ адамның соғысуы мүмкін бе?
Мен генерал Ивановқа қараймын да айтқанын зердеме сыйғыза алмаймын, мүмкін ол әзілдеп тұрған болар? Бірақ, бұлай қалжыңдауға бола ма екен? Атама мойын бұрамын. Сұраулы жанармен қараймын.
— Мен саған айтпадым ба, Антон, – дейді атам, – генерал Иванов – ешкімге ұқсамайтын адам деп.
— Сен де айтқыш екенсің! – Иванов реніш білдірді. – Ол не деген сөз! Радиодағы сияқты неғылған жаттанды сөз. Онан да өзің жайлы айтсаң етті. Әне қаншама ордендерің бар! Оның бәрін бетіңе қарап, бере бермейді ғой.
– Жарайды, – дейді атам. – Көкек әтешті мақтайдының кері болмасын. Менің наградаларым қарапайым ғана әскери жұмыстар үшін берілген. Ал саған – ерліктерің үшін берілген. Бұл сөзден қорықпа. Шын мәніндегі ерліктерің үшін. Ол ерліктер жайлы кітап жазу керек!
– Иә, оның бәрі де жазылды ғой! – дейді күліп Николай Петрович.
Біз қонақ бөлмеге барып, түскі тамаққа отырдық. Николай Петровичті әйелі қасықпен тамақтандыра бастады. Жас баланы тамақтандырған сияқты. Бірақ, атам оған көңіл аударған да жоқ. Дәл бір бәрі де осылай болуы керек сияқты. Генералдың әйелі де, тіпті өзі де оған мән берер емес.
Олар соғысты естеріне алып, онда болған әр түрлі қызық жайларды айтысып, мәз болысады, дәл бір соғыста күлкілі жайлар ғана болған сияқты. Жоқ, соғыста күлкілі жайлар қайдан болсын, онда қиын да ауыр жайлар болған ғой. Кейде жан төзгісіз қиындықтар болған,
Ал кешкілік атам маған генерал Иванов жайлы әңгіме айтып берді.