13.08.2022
  249


Автор: Альберт Лиханов

БIРIНШI ӘҢГIМЕ. ӘЖЕМ ЖАЙЛЫ

Бұл Испанияда болған еді. Өте ертеде. Ол кезде папам да тумаған. Мамамның дүниеге келмегені де айдан айқын. Атам ол кезде өзінің біреуге ата болатындығын ойлай қоймаған. Өйткені өз жайын әлі ойластырып жататындай оның уақыты жоқ еді. Москвадан бұйрық берілген.
– Сізді Хосе шақырып жатыр. Сіз – испандықсыз. Бар болғаны сол.
Атам бас шайқайды. Хосе деген сөз орысша да, испанша да бірдей айтылады ғой. Бірде-бір испан сөзін білмейтін және испанша сөйлеймін деп ойлап та көрмеген атам қандай болса оның зеңбірекшілері де дәл атам сияқты «испандық» болған ғой. Олар орысша жап-жақсы біледі екен. Тек қана өңдері қараторы болған. Өйткені, оларды испандықтарға ұқсау үшін, әдейі іріктеп алған көрінеді. Сөйтіп, олар Испаниядан бір-ақ шығыпты. Олар орыс зеңбірегіне ұқсамайтын испандық ескі зеңбіректерді пайдаланыпты. Зеңбіректерді атқаннан соң нашар қаруға деген реніштерін орыс тілінде сыбап алады екен. Өйткені қару-жарақтары көңілдерінен шықпай, мүлт кете берсе керек. Дегенмен, бірте-бірте оған дағдыланыпты. Сөйтіп, жауды төпей беріпті. Бірақ бұлардың жаулары да еркек, әйел демей шабуыл жасап қыра беріпті. Қарттарды да аямаса керек. Сол кезде республикашылар бұлардан испан балаларын жаудан құтқаруды өтінеді. Олар балалар үшін қатты қобалжыса керек. Өйткені, әке-шешелері мерт болған жас сәбилердің күні не болмақшы. Тез құтқармаса олардың жоқшылық пен аштықтан майып болары сөзсіз екен.
Атамдар теңіз жағасындағы қаланы қорғайды. Қал-қадерлерінше шайқасады. Өйткені ол қалаға көптеген жас балаларды әкелген көрінеді. Балалар болса теңіз айлағына жақын жерлердегі үйлердің астына жасырынады. Одессадан көмекке келе жатқан кеме де біраз кешігеді.
Жиі ата бергендіктен оқпаны қызып кеткен зеңбіректерді салқындату үшін су тасумен болады. Хосе атайдың қаншалықты су ішкісі келсе де, әйелдер тасыған су теңізден алынғандықтан, оны іше алмай, тек қана зеңбіректерді «суарады», ал, онсыз да жаралыларға жетпей жатқан тұщы суға ортақтаспай шөлдеумен болады. Бір күні оларға республикашылардың киімін киген жас қыз су әкеп береді. Қыз орыс тілінде:
— Кеме жақындап қалды. Үш мыңдай сәбиді құтқару керек. Бар үміт сізде, Антон Петрович, – дейді.
Атам ол кезде өзінің есімінің қалай аталатынын да ұмытса керек. Жалпы өзінің кім екенін де естен шығарған кезі екен. Атам жаңылыс естіген болармын деп ойлайды. Зеңбіректердің тынымсыз гүрсілінен кейін солай ойламағанда қайтсін. Бірақ қыз жымия күледі де, жаңағы сөзін қайталайды:
— Барлық үміт сізде, Антоша Чехонте.
Бұл, әрине, қыздың қалжыңы болатын. Өйткені, Антоша Чехонте деп жазушы Чеховты бала кезінде атаған ғой. Менің атамның есімі де Антоша екені белгілі. Атам оған басын изеп қояды да, испаниялық зеңбіректерін күркірете береді. Сол кезде көкжиектен қызыл кресі бар жалауын желбіреткен кеме де көрінеді. Жаулар да кемеге құтырына оқ жаудыра бастайды. Антоша Чехонте және оның солдаттары тістерін шықырлатып, дұшпанға жауыға оқ боратады. Жау амалсыздан бұққан кезде асыға жүзген кеме де барлық балаларды тиеп үлгіреді. Сәл үзіліс болған сәттерде әйелдердің жылаған үндері құлақ тұндырады. Ол балаларын шығарып салған аналардың зарлы үні еді.
Жау тағы оқ боратады. Олардың снарядтары айлақтың жанына келіп жарылып жатады. Айналаны айғай-шу басады. Сол кезде кеме де баяу қозғала береді. Алдағы ұзақ жолға көңілі дауаламағандай тым жайбарақат қозғалып бара жатады.
Атам түн ішінде өздерінің зеңбіректерін бүлдіріп құртады да, бұл қаладан тайып тұрады. Испанияның түні өте қараңғы болса керек. Сол түні оларға осы қараңғылық көмектеседі. Оның үстіне қатты жел соғып, аспанды жерден жасырғандай жер бауырлап бұлт көшеді... Атам өзінің испандықтарға ұқсас біраз қара шашты достарын тастақты, шаңдақ Испания топырағына жерлеп, өзі Москваға оралады.
Ол сол жолы Москвада өзінің бірінші орденін: Жауынгерлік Қызыл Туды алады. Мұндай орденді тағы бір қызға береді. Атам бірден таныса керек, келіп қызды наградасымен құттықтайды.
— Менің есімім – Антоша Чехонте болады, – дейді ол.
– Ал менің есімім Лида Иванова болады, – дейді қыз.
Содан кейін ол менің әжем болып шыға келеді. Көрдініз бе, мұндай оқиғалар да бола береді екен...


 





Пікір жазу