12.08.2022
  214


Автор: Альберт Лиханов

ТИІН

Мен пионер жиынынан бірінші болып атып шыққан бойымда шатырға шығатын шаң басқан басқышпен өрмелей жөнелдім. Мені іздеп, шарқ ұрған Альканың, Кешканың даусын естіп отырмын, бірақ үндегем жоқ. Жанарымды жас жуып кеткенмен езуімде күлкі ойнады. Бойым бір жеңілдеп қалғандай, әлдеқандай бір рахат күйде отырғандаймын. Өмір деген қарама-қайшылыққа толы деп еді-ау әкем.
Міне, менің дәл қазіргі сәттегі тіршілігімнің өзі қарама-қайшылыққа толы: бір жылап, бір күлемін, жаным жай тапқандай әдемі бір күйді сезінсем, көңілімнен мұңның бұлты да сейілмейді.
Сол жерде көп отырдым. Көз байлана бастады. Құрылыстағы жұмысшылардың жаңа кезегі келе бастаған болар.
Жасырынған жерімнен шықтым да үйге қарай зыттым. Өзімнің бүгінгі әрекетім үшін көңілім тоқ, өйткені менің ісімнің дұрыс та әділ екендігі анық. Ал осы жайдың бәрін естігенде атамның не дері беймәлім. Эх, Антоха, мені масқара қылдың-ау деп жүрмесе. Оның алдында ақталып жатудың да сәті түсе қоймас. Өз өмірім өзімнің екі өкпемнен қыса түскендей. Құрысыншы, өткен іс болса да өкініші жоқ, Кешка председатель болып сайланды – бұл нағыз әділ шешім, солай болуы да керек еді, бірақ менің ішек-бауырымды әлде не тырнап жатқандай...
Өзің жіберген қателікті ұмыта аларсың ба, ештеңе болмағандай көңілден кетіре аларсың ба?..

Мәңгіріп көшеде келе жатып, бір топ балаға көзім түсті. Жоғары сыныптың он шақты баласы тұр екен, оңашалау жерде Газ Баллоны қалқияды. Балалар жерден қарды уыстап алып домалақтайды да үйдің бетон қабырғасына қарай лақтырады. Мергендіктерін сынасқан балалардың лақтырған қарынан қай жерге барып жан сауғаларын білмей үйдің шатырына қарай секіре қашып жүрген тиінді көрдім. Тайга жақын болғандықтан тиіндер поселкаға жиі келе беретін, олар ағашты жерде адамнан оңай қашып құтылса, өзі пана іздеп келген мынау үйдің жылтыр қабырғасынан тұяғына іліктірер тірек таппай, аласұрған қорғансыз міскін жанұшыра безектейді. Оның мұнда келісі өзіне сәтсіз болғандай...
Ес жидырмай лақтырылған қар кесектері тиіннің жан-жағынан тиген сайын оның кіп-кішкентай тұлғасы дірілдеп, өзінен үлкен үлпілдек құйрығын үй қабырғасына жабыстыра түседі.
Он бала жұдырықтай жалғыз тіршілікке жабылып жүр. Әр қайсының кеудесінде басы, жүрегі бар саналы адамдар құрбандықтарын аяр түрлері жоқ, Газ Баллоны да қамсыз қалқиып, мынау қызықтың немен аяқталарын күтіп тұрғандай.
Бар қаным тасып келіп, самайымды солқылдатқандай.
— Өй! – деп айқайлап жібердім мен мынау сұмдықтан өне бойым қалшылдап. – Өңшең сұр жыландар! Не істеп тұрсыңдар?
Газ Баллоны бетіме қарады, жанарында кекесінді мысқылдың ізі бар.
— Ә! Генерал! – деп айқайлады ол. – Тағы да бұйрық бергің келіп тұр ма! – Қарқылдай бір күліп алды. – Әскері жоқ әскербасы!
Басқа уақытта болса осы сөзі үшін жынданып кетуге болар еді, қарымтасын да мүмкіндігімше қайтарған болар едім.
— Тоқтатыңдар! – даусым мейлінше қатты шықты, екі көзім жазықсыз жапа шеккен тиінде.
Енді оны қармен емес, қатып қалған кесектермен, тастармен атқылай бастаған.
Сөйткенше тиін де домалап жерге құлады.
Ол төмен құлап түссе де мен бұрынғыша үйдің қабырғасына қарап тұр едім.
Көгілдір бетон қабырғада қызғылт дақ қалыпты.
Мен портфелімді лақтырып жіберіп, қалпағымды милықтата кидім де дерейіп тұрған бір баланың қолқа-жүрегінің тұсынан басыммен қойып кеттім, ол ыңқ етіп құлап түскен сәтте келесісіне, одан кейін келесісіне ұмтылдым. Балалар да тез есін жинаса керек, өз басымның қасат қарға қалай кіріп кеткенін білмей де қалдым. Жонарқама да, басыма да соққы тиіп жатты, бірақ денемнің ауырғанын сезген жоқпын, жан ұшыра тырбанып, тағы біреулердің жазасын беруді ғана ойладым.
Бір кезде соққылар сап тиыла қалды. Мен басымды көтергенде балалар безіп кетіпті, тек Газ Баллоны ғана өзінің бағанағы орнында мелшиіп тұр екен.
Ернім дірілдеп, тұла бойым қалшылдайды, бетімнен еріп аға бастаған қарды енді сүрте берген кезде қарсы алдымда тұрған атамды көрдім, ол ауыр тыныстап, маған ерекше бір жылы көз қараспен қарап тұрекен.
– Мен бәрін де көрдім, – деді ол тынысын кең алып, – сен азаматсың!





Пікір жазу