«ГЕНЕРАЛ»
Қазір мені «Генерал» деп атайтын болған.
Кешка мен Алька тұнжырай үнсіз қараса, басқалары ерекше құрметпен жаңаша атыммен шақыратын, мен де тыныштала бастағандаймын. Тіпті жаңаша айдарым өзімді де қызықтыратындай. Генерал! Мон женераль! Қып-қысқасын айтқанда, жаман ат дегенге ауыз бармайды. Газ Баллоны дегеннен тәуір ғой, әйтеуір.
Газ Баллоны жүнжіп кетті. Доңыздай қорсылдайтыны да сап болған. Менің одан
«американканы» қашан талап ететінімді тосып жүргендей. Талап етудің де талап етуі бар – жұрттың көзінше ұяттан жұрдай ғып сұраймын ба, әлде жеке шыққан сәтте талап етем бе? Оның бір нәрсе сұрап тұрғандағыдай тым жасқаншақ үрей үйелеген жанарын жиі көре бердім. Сыры неде? Бесенеден белгілі жәйт! Мен болсам қазір Генералмын, ал ол Газ Баллоны болған күйінде қалды да қойды. Көңілім сәл құласа болды, оны қалағанымша келекелеуге де еріктімін. Не үшін болса да. Түкке тұрғысыз дүние үшін де. Айталық, оның күлкісі күлкіден гөрі шошекеңнің қорсылына көбірек ұқсас екендігінің өзі жеткілікті.
Газ Баллоны деген айдарын, айталық, «Үш торай» ертегісіндегідей «Нуф-нуф» деп ауыстыра салу да түк емес.
Бірақ мен ондайға бара қойғам жоқ. Әйтеуір бір нәрсе бөгей бергендей. Қаскөй Әзәзіл жөніндегі әңгіме оның себебін де соңынан әйгілеп берді...
Оқиға дегеніңіз шиеленісе түсті...
Бірде кешке кітапханаға бара жатқам. Жанып тұрған шамның дәл астында өзіміздің вожатыйымыз Галямен бетпе-бет ұшыраса кеттім. Бәрі де шамның қырсығы. Жолың бір болмайын десе жоқ нәрседен кырсығады екен ғой. Әйтпесе сол жарқырап тұрған шамның қасында ұшыраса қалар ма едік?.
Мені көрген бетте Галяның беті өрттей лаулады. Оның бетінің өртене қалған себебі вожатыйымызды монтажшы Борис Егоров қолтықтап алыпты. Мектептегілердің барлығы да Бористің Галяның «қамқоршысы» екенін жақсы білетін, оның еш құпиясы да қалмаған, ал сол үшін бетін нарттай ғып қызартудың өзі ақымақкершілік емес пе. Бірақ Галяның ұялғаны анық. Олар бұрын үнемі жан баспайтын қараңғы-қалтарыстарда жүретін, сонда да қыздардың бірі Бористің Галяны үлкен шалшықтан қалай көтеріп
өткізгенін де көріп койыпты. Борис дегеніңіз толық жүзді, екі иығына екі кісі мінгендей, тұлғалы жігіт болатын. Галяны шалшықтан көтеріп өткізу оған түк емес. Бірақ біздің қыздар соның өзінен маңызды оқиға туындатып, бір апта бойы сыбырласып, жымыңдасып болып қалып еді, ақыры бұл әңгімеге Алька тыйым салып барып әрең басылған. Ол қыздарға әлде нені ашулана айтқандай еді, құрбылары біраз қызарақтасты, қызыл кеңірдек болысты, бірақ вожатыйды пыш-пыштауларын қойған еді.
Сөйтіп екеуімен шамның жанында ұшырасқан бойда олар маған қарап үлгіргенше қараңғыға қарай жалт бермек едім, Галяның беті өртеніп үлгеріпті, дәл сол жерде мені байқамай-ақ қойғаны өзіне тиімді еді, бірақ ол мені әңгімеге тартты. Амалың қайсы, адам көбіне өз көңілінің қалауындай іс жасай бермейді ғой!
— Сәлеметсің бе! – деді ол біз мектепте көріссек те.
Сөйтті де екі аяғына салмағын кезек түсіріп, үнсіз тұрып қалды, жүзінен соншалықты бір шарасыздықтың табы байқалады. Оған өзінің не айтары, не үшін тоқтап, мені не үшін әңгімеге шақырғаны белгісіз еді, мен сол сәтте қараңғыға сүңгіп кетпек едім, Галя көңілсіздеу үнмен былай деді:
— Жақында сендердің сыныптарыңды пионерге қабылдаймыз. Ал, Борис Егоров, – деді, біздің поселкеде оны білмейтін адамды қойғанда бір иттің жоғын мен білмейтіндей-ақ, монтажшыны көрсетіп, – ал Борис Егоров құрылыс жағынан сендерге вожатый болады.
Мен мәз болып тұрмын. Галяның есіл-дерті өзінің Бориспен қыдырып жүргені үшін ақталып бағу. Мен монтажшыға қарадым. Галяның сасқалақтаған күйін бөлісуден аулақ, өз алдына ол да мәз.
— Естіп тұрсың ба, ей, – деді ол, – халқыңа айтарсың, алдын ала ақылдасып- кеңесе берсін дегендей. Отряд бастығына кімді сайлайтынын айтамын. Пионерлер советінің председатілін! – деп жөндеді сасқалақтаған Галя.
— Иә, өзің де білесің ғой! – деп күлді Борис. – Командирді! Генерал болатынын!
Үстіме ыстық су құйып жібергендей болды соңғы сөзі.
Әрине, Егоров менің қосымша атымды білмейді, қайдан білсін?
Ал отрядтың өзінің председателі болуы керек. Командирі. Галяның
«қамқоршысы» айтқандай, генералы.
Үйге қарай жортып келе жатып, танауымның астынан күбірлеймін: «Ә-һә». Ойлаған сайын ойым онға бөлінді, мынандай жарқын болашақ тұрғанда қалай ойланбассың... Басқасын қойғанда, басқалардан артықшылығым да бар ғой деп ойлаймын, менің атам генерал ғой. Мен болсам генералдың немересімін! Менің де күре тамырымда жортып жүрген генералдың қаны емес пе?! Отрядты шырқ иіру менің қолым емес пе екен! Ә-һә!
Ендігісі түкке түрғысыз дүние. Өзіңді отряд советінің председателі етіп сайлаттыру ғана. Мәселе соның қалай жүзеге асуында! Америкада ғой шіркін, көңілің шапса өз кандидатураңды ұсынып, шалжиып жата бересің. Бізде бұл бір түрлі ыңғайсыздау. Осындай кезде басымның істеп кететіні бар, шіркін. Менің алдымдағы айыпкерім, қарыздарым болып жүрген адам бар емес пе! Соған айта салсам болды, іс бітіп жатыр. «Ә-һә» деймін үнімді қаттырақ шығарып, апыр-ай, осының өзі ыңғайсыз болып жүрмес пе екен. Бірақ мен өзімді ыңғайсыз дейтін ештеңенің жоқтығына сендірдім. Жығылсаң – нардан жығыл! Бұл жерде шынында да нардан жығылғанмен бірдей болмақ. Олай болса бетіңмен жер басардай ештеңе жоқ! Ұялудың өзі – ұят!
Өзімді өзім қанша сендіргенмен, осы қадамым сенімсіз көріне бергендей. Бірақ мен, жұрт айта беретіндей, өзімді өзім көндірдім. Қысқасын айтқанда өзімді өзім жетекке алғандаймын. Үлкен үзіліс кезінде Кирилл Пуховты бір бұрышқа апардым да тұтыға сөйлеп, өзімнің алғашқы қалауымды білдірдім. Қаскей Әзәзіл тірілді.
— Дымың ішіңде болсын! – деді ол. – Күдік-күмәнің болмасын.
— Бірақ бұл жайлы тірі жан білмейтін болсын, – деймін қорқыта сөйлеп.
— Бұл екінші қалауың ба? – дейді Газ Баллоны жарқылдай сөйлеп. «Түбің түскір, жылпос-ай» – деп ойладым, келісуге тура келді.
– Ант іш! – деймін мен.
— Бұл үшіншісі ме? – дейді ол шаттана күліп, иығындағы ауыр жүктен кұтылған адам сияқты.
— Үшіншісі! – деймін мен де. Тұнжырай сөйледім, жұдырығымды түйіп, сес көрсетіп қойдым.
Қаскөй Әзәзіл жымыңдады.
Осының өзі жүрек айнытардай іс еді. Ішімде бір күмән қалғандай, бірақ қандай күмән екені мен үшін беймәлім еді.