Заманхал
(шертолғау)
Ой – сағым, сана сарсаң, жаным – құрау,
Жүрегім, тағы, тағы ауырдың-ау.
Үстінде қыл көпірдің теңселемін,
Шайтанға қуат берген дәуір мынау!
Алдымда – түпсіз түнек,
Артым – мұнар,
Күн туды кісіліктің парқын сынар.
...Тозаққа топ-топ кірген шұбалаң көш –
Сол, сірә, менің сорлы халқым шығар!
Сөнгесін әлсіз шырақ ұят деген,
Көздері түк көрмейді, құлақ – керең.
Неғылған таусылмайтын арсыз күлкі?!
Күйініп көп ішінде жылап келем.
Күлкісін, күндегендей мәз-мерейін,
«Басқадан күнәларым аз» демейін...
Кейістік білдіресің, қағаз, қалам,
Жасырмай, ал, сырыңды жаз, көрейін!
Бұл күнде жұрттың қандай күткен сөзі?
Пейіл тар, мейірімнің біткен кезі.
Қайыртпай кәлимаңды алып соғар
Кісәпір кәпірліктің тіптен тезі.
Жармасқан атасының жағасына
Не дейсің бүгінгінің баласына?
Кімдерді кінәлайсың – ұрпағыңның
Шарасыз, ақыл-есі шаласына?!
Тиымды, ұмытқасын тоқтатқанды,
Жайына қазық қағар тоқпақ қалды...
Құптауға бейілдісің шашын жайып,
Қарғаған Құдайды да бетпақтарды.
Сатылып, саудаланып достық кетті,
Білмеймін, қай сағатым хоштықта өтті?
Арылған асты-үстінен кең даладай
Қазына-көкірекке бостық жетті.
Ертеңі – есігі ашық жаһаннам-ды,
Ұқпаймын үлде-бүлде, жасанғанды.
Есебін түгендеп жүр естілерім,
Есіртіп шаш ал десе, бас алғанды.
Ақтарып көрмегесін боқ-қарынын,
Сенбеймін тәубасына тақтағының.
Жағалай – жын-перінің тіккен қосы...
Барқадар қайда барып таппақ ұлым?!
Малданып сырты сұлу көріністі,
Мақтанға ел несіне кеуіп-істі?!
Толғатты уақыт ұзақ, жатырында
Шарана-шындық жатыр теуіп ішті.
Арманы – ғұмыр кешу шалқып ерек,
Қарасам, қатарластың салты бөлек.
Пір соңы, ердің соңы...мүсіркедім
«Мендейлер – кешегінің арты ма?!» деп.
Заманым, әзәзілше ел арбадың!
Қалайсың рухтың тұл тоналғанын.
Балайсың бір пендеңе, сонда-дағы
Көзбояу, өтірікке көне алмадым.
Ойнатып тамырымды шықшытыма,
Жақтырмай қарағанмен сықпытыңа;
Тұрамын үнсіз, мылқау, мінберім жоқ,
Куәмін ырыс-бақтың быт-шытына.
Заманым, аңдау қиын қыр-сырыңды,
Жылдарым бір күнгідей жымқырулы...
Жете алмай жығылды ғой талай арыс,
Кезейсің түтіндеген мылтығыңды.
Қоғамы құндағынан параланған,
Байы – мәс, қауымынан дараланған.
Әзелден заң икемшіл, әділетсіз
Жүрегі жазықсыздың жараланған.
Қайраты қамал бұзар дер күйінде,
Қамаған заман осы, ерді үйінде.
Әулие аралап жүр аңырған ел,
«Айтам, - деп, - арызымды енді кімге?».
Қайырсыз, жаттан бұрын жақыны қас,
Айтарға ағайынға ақылым аз.
Аяймын, аялаймын мен өзіңді
Отаным, батырың пәс, ақының аш...
Жыласам, қан саулайды көздерімнен,
Сөйлесем, зар саулайды сөздерімнен –
«Алыстап кеттім-ау, - деп, - қимасымнан,
Алғаусыз ашық көңіл кездерімнен!».
Бұйдасыз билік – тәксіз жырындының
Бақыртып кигізсекші мұрындығын!
...Қарнымның ашқанына жыламаймын
Қайтқанша қазақтығым, тілім-дінім!