12.08.2022
  208


Автор: Болат Жетекбай

Алып туралы аңыз

(Қаныш Сәтбаевтың туғанына 100 жыл толғанда жазылған жыр-толғау)
Ана-Еділ – қанды қиянда,
Ақ Жайық – майлы қиянда,
Миллион жылдар құнары шөккен
Маңғыстау – шаңды қиянда
Бақ ауып бастан тұл заман,
Ел ауып, босқан шығанға.
Селеулі қыры селт етпей,
Сергелдең, сүргін-ұранға;
Үстірттің үстін шаңдатып,
Үйіріліп құйын биледі:
Оспадар ойын қыларға,
Осылып ойыны тынарға!
Толқын да-толқын шұбалған
Теңіздей тарих сарқылып,
Сағымдай сіңді мұнарға...
Шер көкірек, кекті жан,


Көзден жас кепті – жыларға.
Көкжиек асқан көп арман
Ерлердің түмен қолындай,
Бұзылмай, бұлттай тұтасып,
Бұғаздан бері құлар ма?!
Ар қылып, қасірет шексең де,
Зар қылып, запыран төксең де;
Бәрі де – заман зарпынан,
Тарлықта түскен талқыдан.
Жар болғай өзің, Бір Алла!
Мәрттігімнің мерейі –
Бекеттер өрген мекенге
«Әруағы бұлттай торланып»,
Қасиет қонса, бекер ме?!
Төңкеріліп, тасыған
«Теңіз сынды елдің» жұрнағы –
Тулаған қаны тентек жұрт
Тегіне тартқан екен де,
Жеріне тартқан екен де.
Құландар жортпас құла дүз,
Қиянның құрттай пұшпағын
Бермеген қиып бөтенге.
Адыра мекен қалыпты-ау,
Дәурені бастан өтерде...
Пірге барып, қол берген,
Дін-ғылымнан жол көрген
Оразмағанбет ғұлама
Ауып, Иран көшерде,
Аңдыған жау түбіне жетерде;
Маңғыстау кенін түгендеп,
«Мұнайдың барын білем», – деп,
Бармағын тістеп, өкініп,
Болжалсыз күнге қамығып тұрып ол-дағы,
Бекерге бордай үгіліп,
Аһ ұрып, арман етер ме?!
...Байланып заман тұрмады,
Айналып, уақыт зырлады.
Жиырмасыншы ғасырдың
Орталанды жылдары.
Маңғыстау – маңғаз далаға
Перзенттік адал пейіліменен құлаған,
Тамырын басып иен дүздің,
Тынысын сезді бір адам.
Үш түбектің астын кеулеген
Кілкіген мұнай дариясын
Мөлшерлеп біліп, сынаған.
Геологтардың жобасы
Мәскеуге сонда ұнаған.
Шыңыраудан шығыр тартқандай
Мұнара біткен мойнын көкке созарда


Елестеген жынға ұсап
Хрущевтің көлеңкесі көлеңдеп:
«Қазақстанның батысы –
Мұнайға бөккен аймақтың
Бір жағын Кавказ, бір жағын
Түрікпенге бөліп берем», – деп,
Түлен түртіп, бүлінсе,
Қырына қазақ ілінсе,
Бұған да көніп, шыдаған,
Тығылып, іштен жылаған.
«Ауыл қайда, су қайда?
Атамекен жер қайда?» –
О заманнан көп айтылған бұл сарын:
Қурайы болып даланың,
Қобызы болып Қорқыттың
Ызғырық шалды шалғайға!
Бір басының бағасы
Бір халықтың парындай,
Алты Алаштың арындай,
Көтеріп алар ауырын
Кәтепті қара нарындай,
Мыңға жалғыз жұмсайтын
Батырлар көзі – арысы,
Имантайдың Қанышы!
«Білекпен емес, білікпен
Біткен, - дейді, - әр ісі».
Өз дегенін қылғызды,
Күдікті ойдан сырғызды.
Мамандыққа үйретіп,
Оқытқан жедел ұл-қызды.
Іріден кесіп-пішкенде,
Ісінің кірген мәнісі.
Екіталай кезеңде
Елге қорған, жерге ие шыққан ер екен –
Сол Имантайдың Қанышы.
Бас тігіліп, болғанда
Бақ-дәулеттің жарысы,
Шаһмардан – шоң шәкірттің
Танылыпты шабысы.
Қайратымен солардың
Шашылып шетке, таралған
Маңғыстаудың дабысы.
«Тәубе» деп Тәңір-Иеге,
Пікір салсам ойыма:
Мен қарыздар әуелі
Жаңғақтың ойы, Бесқала,
Өзбектен қайтып оралып,
Келіп кірген өндіріске қайнаған,
Іргесі бүтін үш қиянды жайлаған
Ел қарыздар содан соң,


Қаныштай ердің сойына!
Астана жұрты ат салып,
Ас қылып, берген тойына
Үкілеп бір жыр әкелдім
«Лайық қой, - деп, - бойыма».
Сәттіғұл жырау айтқандай:
«Қуанад, - дейді өлілер, –
Мадиықтаса өзінің
Артында қалған тірісі» .
Мен мақтасам – мақтауыма сыймай ма,
Жау жарағын майырған
Халықтың сауыт – құрышы,
Маңдайдағы қос жанар –
Абай, Мұхтар секілді
Адамзаттың ұлысы?!





Пікір жазу