12.08.2022
  140


Автор: Болат Жетекбай

Күн сайын саған қарай аяңдаймын...

Күн сайын саған қарай аяңдаймын,
Көркіне ақ жүзіңнің тоя алмаймын...
Тілегім – күндіз көзім көре бергей,
Түсімде сені көріп оянғаймын.
Баяндап жаздым ғашық ғазалымды,
Тірідей түскен барып тозағымды.
Тыңдашы, тартып берсем бір күйімді,
Шырқасам жан тербеген өз әнімді.
Ай-сәуле, алты қырлы асылзатым,
«Перизат» деп қоямын әннің атын.
Тек сені елеңдетсін, елжіретсін
Ешкімге залалы жоқ махаббатым.
Масайып шарабына аңсарымның,
Мазасын қашырайын барша мұңның!
Ұшпаққа шыққандайын шабыттандым,
Ұшынан бір ұстасам саусағыңның!
Басқаға еркім бар ма емінгенмен,
Елессің ... көз алдымда көрінгенмен!
Толассыз сезім селі тасқындайды,
Қайтадан шабуыл салып, шегінгенмен.
Құштарлық – хақ пірімдей, қанатымдай,
Қан қызып, дегбірімді алатындай.
Қайрансыз тілім мүкіс, іркілемін,
Кетесің қасымда сәл қала тұрмай!..





Пікір жазу