12.08.2022
  99


Автор: Болат Жетекбай

Бір өлеңім – бітпеген бір ісімдей...

Бір өлеңім – бітпеген бір ісімдей,
Бұлдыр-бұлдыр, жорылмаған түсімдей...
Көңіл байыз таппақ емес, шамасы,
Жан сезімін анық ойға түсірмей.
Бір өлеңім – бүкіл ғұмыр жолымдай,
Хақты танып, көкке жайған қолымдай...
Тағдырымды еске салып тұрар ма,
Тарғыл-жолақ жолбарыстың жонындай?!
Бір өлеңім – бір-ақ жұтым ауадай,
Кімге дәрі, дауадай?!
...Қырық бес жыл ұзатылған дәуренім
Кірпік қағып қалуға да жарамай.
Бір өлеңім – құмға түскен іздерім,
Жылап келген күздерім...


Менен жеріп кетпес, сірә, сол қыздай
Үздіктім де, үмітімді үзбедім.
Бір өлеңім – тіршіліктің кермегі,
Ғашықтардың ермегі.
Жүрегімнің соқсын десең қалқаны
Қайран Муза, өгейсіме сен мені! –
Бір өлеңім біткенше...





Пікір жазу