12.08.2022
  84


Автор: Болат Жетекбай

Қара жер, қойныңнан жаралдым...

Қара жер, қойныңнан жаралдым,
Көк аспан, сенен де нәр алдым…
Өткінші өмірімнің соңынан
Өзімді мен қайдан табармын?!
Ырықсыз келгенім, кетерім,
Ылығып әрнеге нетемін?!
Алланың дидарын аңсамай,
Не мұрат-мақсатқа жетемін?!
Ақиқат астарын ашпайтын,
Бір жұмбақ өріске бастайтын;
Тәңірім, жолыңнан адассам,
От көрем… жанарды жасқайтын.
Ел көрем…еңіреген, жылаған,
Бас ұрып, кешірім сұраған.
Ақырет сынына шыдамас,
Азаттық аңсайды құл-адам.
Аямай, ауырды жүктедің,
Бердің де, қайтадан үптедің.
Тәңірім, тәубамыз тайғанақ,
Осы ма пендеңнен күткенің?!
Өзің деп, кеудемді өр еттім,
Онан соң, көңілді шер еттім…
Қара жер,
Көк аспан,


Жауап бер,
Мен кімге керекпін?!





Пікір жазу