Қамықпа, досым!
(Бисенге)
Қатал ғой тағдыр, салады сынға, тергейді,
Қапылыс сәтте қамшысын қатты сермейді.
Қамықпа, досым, тосыннан төнген қырсыққа,
Ажал да айтып келмейді.
Жарасын жанның уақыттың өзі емдейді,
Жақсылар ғана жаманатыңа көнбейді.
Өсегін жұрттың қайтесің «сөз» деп ескеріп?!
Аузы бар адам сөйлейді.
«Азапқа салар ақылсыз туған ой» дейді,
Ақтығың бәрін түзетіп әлі-ақ жөндейді.
Өткен бір іске өкінгеніңмен не пайда?
Ойлағаның бола бермейді.
Тірліктен мынау түңілсең-дағы сен мейлі,
Соныңа бола шамшырақ-жүрек сөнбейді,
Тағдырың онда тәлкектей түсер, басынар,
Қамшысын қайта сермейді.
Қамықпа досым, қамалып ойға құр, бекер,
Торлаған бұлттай қиындық бастан бір көшер.
Қуанар досың, дұшпаның қалар тіс қайрап,
«Өлмейтін пәле бұл» десер.
Бақыттың құсы ұшқанмен, тағы бір қонар,
Ол шағың-дағы қуанышпенен жырланар.
Кезекпен – өмір,
Қазіргі сенің күйіңе
Дұшпанның басы шырмалар.
Айтайын жұптап, азапқа салар ой болар,
Тағдырың сәтін өлшеп те-пішіп қойған әр.
Өткен іс өтті, ертеңнен күтіп несібе,
Еңсеңді тікте, тойға бар!