Өмірдің заңы
Бүлінгеніңді бүтіндеспейді ешкім, білемін,
Білемін, сырттан: «Бүлдірді!» – десіп күлерін.
Бәрібір жұртқа – бәлеге басың шатылып,
Тілім де-тілім кескіленгені жүрегің.
Қателігіңді кешірмейді ешкім, жоқ мейірім,
Сонысы, бәлкім, дұрыс та шығар, сөкпеймін.
...Тағдырдың өткір шалғысы қиған тақырлап
Құрақтай жусап, қайтадан қаулап көктеймін.
Пенденің көңілі Құдайдан-дағы қалады,
Емдейтін – өзің жаныңа түскен жараны.
Өкпеңді бүгіп, өгейсіп жүрсең өзгеден,
Өшпейтін өлсең өсекке тағы таңады.
Өмір ғой, өмір...
Өмірдің заңы – ескі заң,
Ескі заң тірі, өмірден қанша кешті жан!..
Ажалың бір күн сені де алса арадан,
Жылайтын – сол жұрт, оған да бар ма еш күмән?!
Замандар өтер, адамдар өтер арманда,
Замандар келер, адамдар келер жалғанға.
Олар да көрер кеше сен көріп кеткенді,
Өміріңді заңы...
Зарланба, жүрек, зарланба!