12.08.2022
  110


Автор: Болат Жетекбай

Не керек

Өтірікші, өсекші жұрттан жеріп, налисың,
Шаттықтың да шырайын «шерім ғой» деп танисың,
Ырғалған гүл-сезім, ызғарыңмен қарисың,
Жетім-жүрек, болмысқа көп өкпелеп не керек?!
Сырты жылтыр сұмға да базбір сәтте сенгішсің,
Құйымырдың сөзіне салпаң қағып ергішсің,
Жат жасаған күнәні енді өзіңнен көргішсің,
Бүтініңді бекерге екі бөлу не керек?!
Желдей еркін көңілді жалқылыққа көндірдің,
Өз күйіңді өзіңе тыңдатуға жөн білдің,
Армандардың алауын аямай-ақ сөндірдің,
Жалғанына пәнидің жадылану не керек?!
Теңіз, теңіз-ойларға жұтылғанда шым батып,
Жылытардай қаныңды жаны құрбан бір ғашық,
Жүрегі жоқ бейненің елесімен сырласып,
Жеткізбейтін қиялға құр емексу не керек?!
Шығар күннің батары бәріне де белгілі,
Әулиесіп, данасып айтарың не ендігі?!
Жетесіздің болмаса сендегідей шер-мұңы,
Соған бола саяқсып, уайым қылу не керек?!





Пікір жазу