Беу, көңілім!
Сыңарымдай бірге туған кіндіктес,
Мұң жайында мың айтқанмен мұң бітпес.
Шуағына шығайыншы ақ күннің,
Шын сырыңды, әттең, өмір, білдік кеш!
Пәни деген пенделік бұл керуенде
Не жетеді, шіркін, бәрін көргенге!
Күліп тұр ғой, анау тас та ызбарлы,
Соны ұқпаған, беу, көңілім, шерменде.
Беу, көңілім, беу, көңілім, шерменде,
Сыйыспаған аспанмен де, жермен де.
Өгейлікпен өтсе ғұмыр,
Өлгенде
Өксіген бір үн шығар-ау көрден де.
Сансыз сауал сансыратты сананы,
Жан құмары, айтшы, неден қанады?
Бір қарасам, көктен шаттық құйылып,
Бір қарасам.....
Құстар жылап барады.
Өремізбен өлшеп ар мен ұятты,
Жүрек қаны тиылмастан жиі ақты.
...Шұғылалы таңның көзі тым суық,
Қараңғылық шақыратын сияқты.
Көп айтпайын көңілімді шерменде,
Не жетеді, шіркін, бәрін көргенге!
....Жапырақтар, жапырақтар – жандарым,
Үзілмекке үміт берген сендерге.