12.08.2022
97
Дерт
Көзін жұмды,
...ербең-ербең көп сурет,
Тыр жалаңаш тәндер кімдер?
Сұмдық-ай!
Семіп-солып, езіледі ет-жүрек,
«Көрсетпегің осы ма еді, қу Құдай!»
Жыпырлаған елестердің ішінде
Жаһаннамға кеткен жандар неге жүр?!
Жырқ-жырқ күліп... жылан басты пішінде,
Қатындардың қайқаңдауы-ай әне бір...
Тұмсығынан қан сорғалап құстардың,
Шұқып-шұқып, жұлып-жұлып, жеп жатыр.
...Опырылып оң бүйірі қыш тамның,
Құлай жаздап, құлай жаздап, зорға тұр.
Жұлдыздардың арасынан ай күліп,
Кесіп өтті жарық сәуле, жасындай.
Бір сұмдық күш бүріп, жүрек шайлығып,
Бүкіл дене дірілдеді басылмай.
Көрініп, тез жоғалады жан-жаққа –
Көбелектер, кереметтер...
Құрысын!
Көзін ашып, қолын созды алмаққа
Шарап құйған құмыраның шынысын.