Жүзінде қалған күлкісі
(Есжан Айнабекке)
Есесі кеткен өмірге,
Ерлер көп бармақ тістеген.
Еңбегі жанбай,
Жерінде
Егіні толып, піспеген.
...Сарқыған ойдың қуатын
Сәулелі жалғыз сөз үшін;
Сендіріп арман-мұратын,
Сайлаған өнер өрісін;
Жегідей өзін-өзі жеп,
Жүзінде қалған күлкісі;
Жетем деп баққа тезірек,
Жол шегіп еді бір кісі.
Алдынан шыққан Алматы –
Алынбас қамал бейнелі.
Ақ қанат жазған бар хаты,
Ақын да қайтпай сөйлейді.
«Неге, – деп, енді мұңайдық, –
Нарқынды танып, білмеді?
Нән шаһар сұлу, шырайлы
Неліктен көзге ілмеді?”
...Ауылға қайтты мүжіліп,
Артына мойын бұрғыштап.
Арманы қалды үзіліп,
Арманы –
аппақ нұр құшпақ!..
Иықтан тұрмыс басқасын,
«Ит тірлік» дейсің, іш қайнап.
Ісіңнен қию қашқасын,
Іркілмес бастан ұшпай бақ.
«Назар сал көкке ертесін,
Неғыпты, бұлтың ашылар!
Нық бастың туған жер төсін,
Назалы көңілің басылар».
Алыстан тілеу тіледік,
Ал, қолдан келер не қайран?!
...Алматыда біз жүр едік,
Аманат жүктеп Абайдан.
Басынан бұлтты кеткізді ол,
Босатты жіпті күрмеген...
Бірақ, бір хабар жеткізеді ел:
«Бауыры ауырып жүр» деген.
Еліне барып, бап тілеп,
Екпіндеп енді шабарда...
Естідік «Есжан қайтты!» деп
Ендігі жеткен хабарда.
Кім білген, қашан тынамыз,
Күндерді тауысып кейісте?!.
Күлкіңмен сол бір күнәсіз
Күткейсің бізді пейіште!