12.08.2022
  98


Автор: Болат Жетекбай

Ел қайдан біледі – дос қайдан?..

Ел қайдан біледі – дос қайдан?..
Білсе де, болмайды-ау еш қайран.
Жүрегім жүдеуден жаңылмай –
Тағдырым жолымды тосқаннан.
Тағдыр ма?..
Таусыншақ сезім бе?!
Ойлар ма – көңілдің көзінде;
Шалдығып, кеңістік шегінде,
Жолыққан өзіме-өзім бе?!
Несі бақ, күмәнді... несі мұң?
Тек Сенен тіледім кешірім.
Осы күн – ескіден ескі күн,
Қадымның қаққандай есігін.
Беймаза, бейдауа нендей мұң?
Сағымды сипатын көрмеймін.


Арылған ар – алмас жүзіндей,
Кесер ме кеселді?..
Сенбеймін.
Таппаған кеудемде тұрағын,
Талықсып оралды-ау, сірә, әнім?
«Шың асып, шарықтай ұш!» деп ем,
Уа, пірім, шыңырау құладың!
Зу еткен көлеңке-өмірдей,
Көрініп, көрініп... көрінбей...
Аспаннан іздедім тәнімді,
Ақша бұлт – ораулы кебіндей.
«Уһ» десе, мазалы көкірек,
Жайланар жаздың бұл кеші кеп.
Тәңірге мың тәуба, жантайсам:
«Тәмамы тірліктің – осы», – деп.





Пікір жазу