12.08.2022
  100


Автор: Болат Жетекбай

Өкініші өмірдің – өтірікке сенгеннен...

Өкініші өмірдің – өтірікке сенгеннен,
Алданыш не, арман не? –
Айыра алмай, сенделген;
Ақиқатты «аңыз» деп,
ақыреттен үмітсіз,
Аманатын азғана ысырапқа бергеннен.
Бұл дүние шындығы – ол дүние сызбасы...
Шайтаныңа шалығып, шата сөйлеп, қызбашы!
Құдайыңды мансұқтап, ұмсынғанмен ұшпаққа,
Сонда шығар биігің – құлап өлер құз басы.
Пейіш – үміт пендеге,
пейілдің оң – түзігі,


Кесірліге кезігер тозақтың от қызуы.
Ескерілсе, екеуі естілерге мегзеулі:
Тамұқ – тартар азабы,
Жұмақ – көрер қызығы.
Қылмыстының қайда бар қамсыз бақыт құшпағы?!
Құлағаның сүрініп – күнәңнің ол тұспалы.
Адал жүріп, ақ сөйле – көңіл нұрлы, көрікті,
Кісәпірлік, күпір ой – қу жаныңның дұшпаны.
Арын малға сарп етіп, шығынына жылаған,
Алған сайын азсынып, «Бере гөр!» деп сұраған;
Зекет түгіл, садақа тастамайтын сараңның
Иман нұры түспейді санасына, сірәдан.
Өсекпенен от көсеп, қыбы қанса ғайбатқа,
Басып өткен ізінен өрт жайылса аймаққа;
Жақсыларды жау тұтып, жалаулатса жаласын,
Мерездінің мерейі өсіп еді қай уақта?!
Ата-баба жолымен – адамшылық сертінде,
Айтып-айтып кетейік,
Тыңдамасаң, еркіңде.
...Алламыздан баз кешіп,
Ал, өзіңе табындық:
Он сегіз мың ғаламның қожайыны сенсің бе?!





Пікір жазу