Бір Өмір...
Бір Өмір...
Біз бөлгенмен, бөлінбейді,
Тағдыр-гүл өрісінде тебіндейді.
Жастық шақ – жаз дидарлы ол бір дәурен,
Күзгі сыз, қыс қырауы көрінбейді...
Уақыттың ырқыменен өзгерілсе,
Бүгінің бұрынғыға шегінбейді.
Лауқылға жазып қойған пешенеңді:
«Болған іс – кесіп-пішкен жөнің» дейді.
Сонда да пенделері пәрменімен
Жұмсауға бойда күшін ерінбейді.
Ағайын, алыс-жақын – адамзаттан
Ажалға кімдер, бірақ , желінбейді?!.
Опынып, оның бәрін ойлай берсең,
Қалайша қабырғамыз сөгілмейді?
Жоқтығын пәни – баян ұғынғанда,
Жаманнан жаның қайтіп жерінбейді!?
Есебін есер күннің екшегендер
Елігіп нәпсісіне, елірмейді.
Иманның шарасына толы құйсаң,
Шайқалып, абыройың төгілмейді.
Ғұмырын ар жолына сарп еткендер
Сын болса, сасқалақтап, жеңілмейді.
Шүкірлік – Құдай берген ырыздығы,
«Тағы да, тағы бер!» деп емінбейді.
Нықтанып тәуба-таупиық тағатымен,
Ниеті әзәзілге берілмейді.
Шапағат, ізгілікке іңкәрліктен
Көңілі күмәндіге телінбейді.
...Қайырсыз Қарынбай көп арамызда,
Жер тартып,
Солар неге көмілмейді?!