12.08.2022
  101


Автор: Болат Жетекбай

Ақ түнде

Қандай сұлу аппақ түнде ақ қала!
Ақ жүрегім, көңілге мұң сақтама!
Ақ бәйтерек, ақ қарағай, ақ бәрі....
Ақ шұғыла шашырайды бақшада.
Ақ айрандай жұтып қыстың сыз-демін,
Ақ тілекпен ақтығымды іздедім.
Аппақ қардай қалқып ұшып жүрсем де,
Аппақ-аппақ қалып жатыр іздерім.
Айтсам бір ән даусымды көп көтермей,
Ақ періштем аңсап ұшып жетердей.
Айқайласаң, арбаған ақ дүние
Аппақ түнге үркіп, сіңіп кетердей.
Шабытымды оятқанда шат-көрік,
Ақ-қараға санамды да қақ бөліп;
Жанымменен жақын сездім, табиғат
Жаралғанын әу басында ақ болып.
Ей, қарғалар, сендерде не кінә бар,
Ақтығыңды аңдап кімдер біле алар?!
– Ақ қарғалар, армысыңдар! – деймін мен,
Аппақ қарда алшаң басып жүр олар.
Ақ сезімдер, ақ сезімдер ағылып,
Ағараңдап алыстарда ақ үміт...
Көкірегіме ақ сәулесін саулатты,
Көздің нұры аппақ қарға шағылып.
Алаңсыз ем қиялымда самғаумен,
Ақ сағыныш алды есімді жандәрмен.
Ауыл жаққа жаяу тартып кетсем бе,


Ақ далаға ұласатын ақ жолмен?!.





Пікір жазу