12.08.2022
  116


Автор: Болат Жетекбай

Ең үлкен бақыт

Байқаған жанға бақыт дегенің – бір сәттік,
Бақыт боп қонып, білдірмей ұшып жүр шаттық.
Қызығыңды да қайғыға малып беретін
Қырсыққан өмір...
Сонда да одан мұрсат күт!
Болады бәрі, болады, бірақ, жоқ баян,
Күйзелсең, ойлар – кеудеңе енген көп шаян.
Шағады жанды, жаяды уын, жайлайды...
«Күлкі ғой дәру, керек-ау күлкі!» – деп қоям.
Қайратың барда, тағдырға қайтпай, қарсы бас!
Сен жылағанмен, ол келіп мұңың аршымас.
...Шамшырақ-жаннан шайылып түскен шаттықтай,
Шошытты мені шарапқа тамған тамшы жас.
Өшпесе отың, өмірден алар сый аз ба?!
Бір сәттік бақыт алданыш болар біразға.
Бақыттың көбі – арудың жамалында-дүр,
Қарайды қалай қаракөз қыздар бұ назға?!


Көз көрген өмір бүлкілдеп ағар қаныңда,
Күт мұрсатыңды, күйкі ойға бекер салынба!
...Бір сәттік емес, бір ғұмырға да татитын
Ең үлкен бақыт – сағынып барсаң ауылға!





Пікір жазу