12.08.2022
  111


Автор: Болат Жетекбай

Тағы да қоштасу

Туған жермен, туғандармен табысып,
Думандаумен күндер өтті жарысып.
Сағыныш-сел сарқылғанша сабада,
Қимас талай қызығыммен қауышып.
Шалқып, тастым, мауқым бастым,
Міне, енді
Бұдан әрі ығыр қылмай құр елді;
«Ықыласына рахмет, - деп, - лайым»,
Ойлап тұрмын Алматыға жүрерді.


Келдім, көрдім... аналардың жаулығын,
Ақ сақалды аталардың саулығын.
Әруағыңнан айналайын туған жер,
Армансыз-ақ араладым тау, қырын.
Мейірімді қандырып Көкбұлақтан,
Соңғы мәрте қарайладым қыраттан.
Жолыққанша жаман ұлды ойлай жүр,
Жайсаңдарым, мен сендерге кінә артпан!
Зымырандай жалған дүние – заматтық,
Кеш, кешіңдер, кетсе менен ағаттық!
Көңіліммен сүйіп тұрмын бәріңді,
Көз жасымды тиып тұрмын тағат қып.
Табысу мен қоштасудан құралған,
Зымырандай зулай берер бұ жалған.
Ел сенімін ақтай жүру – бір арман,
Ортаңызға оралуым – Ұлы арман.





Пікір жазу