Бұл төбеде
Бұл төбеде қозы бақтық, қой бақтық,
Қызық қуып, көңілдерді тойлаттық.
Келер күндей көкжиекке көз тігіп,
Көкіректе қиял құсын ойнаттық.
Ол кездерде тегіс доспыз, серікпіз,
Сонау жерден талай көсік теріппіз.
Пәле қуған пенделіктен бой аулақ,
Періштедей пәк емес пе едік біз?!
Бала дәурен баураған соң еріксіз,
Мәңгі-бақи тарқамастай сеніппіз.
Былғанышын боқ-дүниенің ұқпаған,
Бұлақтайын таза емес пе едік біз?!
Көрінбейтін ешбір нәрсе көріксіз,
Сұлу күнге сайран салып еріппіз.
Тар қапаста тағдыр тұтқын етпеген,
Ерке желдей еркін емес пе едік біз?!
....Бұл төбеде базары бар өткеннің,
Бір дерегін білемін бе деп келдім.
Барады әне, бытыраңқы жайылып,
Бойын алып бір отар қой бөктердің.
Қадам басып, қиялымды түлетем,
Бәрі-бәрі баяғыша тұр екен...
Отар қойды кімдер бағып жүр екен?
Түтіндетіп от жаққандар кім екен?!