Айтыстан үзінділер
Алдымен амандасу – арда салтың,
Шығады ақын даусы тойда жарқын.
Сыңғырлау сәлем жолдап жатыр саған,
Ассалаумағалейкум,
Ар ма, халқым!
Арнадым жыр сендерге, арнадым ән,
Ұланғайыр Бейнеудің аймағынан.
Бекет атам бейіті маңайында
Жатқан ата-бабалар әруағынан.
Сәлем алып, сендерге келіп тұрмын,
Артық бақыт әлемде бар ма бұдан?!
Сәлем айтты күлімдеп күнім көктен,
Сәлем айтты кең дала құйын көшкен.
Сәлем айтты Сам құмы күні кеше
Батыр Досан төскейін дүбірлеткен.
Өнер керек халқыма, өлең керек,
«Ақын ұлым бәйгеден келер ме?!» деп;
Аунап түсіп қайтадан қабірінде,
Жатқан шығар бабалар желеп-жебеп.
Халқым отыр таңменен бірге тұрып,
Шүберекке намысты бірге түйіп.
«Атқа шапса баласы, - деген бар ғой, -
Тақым қысар шешесі үйде отырып».
Кесек-кесек ұнайды сөйлегенің,
Шалыс кетсем, жүлдеңді мен беремін.
«Балта атты ақынын жеңдім» дерсің,
Айта көрме «Жеңдім, - деп, - Бейнеу елін».
Бас тартпаймын тарихтың шындығынан,
Ақиқаттың өзін де қылды күмән.
Бүгін ғана бас тартып сұмдығынан,
Бекетімнің бейітін қастерлеймін,
Құрманғазы күйіне құлдық ұрам!
Неге айтпайын болғанын лаң заман,
Жақсылардың жанында жүре алмаған?!
Қастерлінің басына теуіп жүрдік,
Жынды қылып жұртымды жылан-заман...