11.08.2022
  112


Автор: Балта Қосбармақ

Білмеймін бұл көктемнің не берерін...

Керілген күндер деген керегенің
Білмедім шынында да не берерін.
Мойныма мінген сорға көнбесем де,
Маңдайға не жазғанын көрер едім.
Он сегіз ойнақтаған күлім қаға,
«Қадар, - деп, - кеудеме әкеп туын дара»;
«Жағар, - деп, - жалын отын махаббаттың»,
Мен тіпті ойлағам жоқ, шынында да.
Он сегіз – жалын жүрек, от ерінді,
Білмедім қалай бақытты етерімді.
Байқатпай бақыт маған қатар қонып,
Шаттықтың шаңырағы көтерілді.
Жан екен сезім қылын байқап басқан,
Нәзік бір сырларына ортақтасқам.
Бақытын басыма әкеп төге салды
Он сегіз бен махаббат байқатпастан.
Он сегіз, ойсыз емес, балалау ма ең?!
Сөнбесін жаққан отың, бала дәурен...
Жетемін ертеңіме, өртеңіме
Көктемнің осы гүлін аялаумен,


Сонда ғана армансыз болам-ау мен...
Балтаның әні – көктем, жыры – көктем,
Бұл көктем дабысы да, үні де өктем.
Ғажайып күні неткен, түні неткен!
Жиырма үштің он сегізге тілі жеткен,
Жүрекке махаббаттың гүлін еккен,
Айналдым көктем деген құдіреттен!
Айналдым көктем деген құдіреттен!





Пікір жазу