Өкпең бардай, әлі де өкпең бардай...
Өкпең бардай, әлі де өкпең бардай,
Мен бір таптап егінді кеткен жандай.
Еншім бе еді тоң-торыс қабақ менің,
Сорпа-судай жүретін еттен қалмай?!
Кешірілмес өмірде реніштей,
(Өмір – маған құлайтын бір еңіс қой).
Шыныаяққа шәй құйып берсең де сен,
Қайғы жұтып, қан құсып жүрем іштей.
«Батады ма?» дедің-ау...
Бастан кешкем,
Сондықтан да көңілім астан-кестен.
Сен жарқылдап жүрмесең, жараспайды,
Мені қойшы... Бақытым бастан көшкен...
Өкпелісің, білемін, өкпелісің,
Өкпелетіп жүр сені өткен ісім.
Өзің айтшы,
Жігіттер не істеу керек,
Өмір-өрде тайғанап кеткені үшін?!
Өкпелісің, білемін, өкпелісің,
Өкпелеме, шарықта көкке, құсым!
Қысқа қамшы сабындай тіршілікке
Келгенбіз бе өкпелеп өтпек үшін?!.
Өзің айтшы,
Жігіттер не істеу керек,
Өмір-өрде тайғанап кеткені үшін?!
30.07.1983 жыл